Алматы туризмі жаңа деңгейде: Халық банк халықты тағы қалай қуантты?

0
189

Халық банк халықты тағы да ерекше жобамен қуантты. Алматыда туризмді дамыту жөніндегі әлеуметтік жоба аясында Halyk Bank 11 құтқару үйшігін, 18 күн батареясын және 1 пилотсыз ұшу аппаратын сыйға берді. Енді бұл жоба толығымен жүзеге асса, туристердің қауіпсіздігі екі есе артпақ, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2020-2021 жылдар аралығында Алматы тауларында бес адам қаза тапқан. Осы уақыт ішінде іздеу-құтқару жұмыстарына 312 адам, 22 кинолог және 59 бірлік құтқару техникасы жұмылдырылды. Иттердің іздестіру жұмыстарына келер болсақ, 2021 жылдың өзінде олардың көмегімен сегіз адам табылды. Сондай-ақ із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге құтқарушылардың тау гидтерін даярлау орталығы мен Lider.kz қозғалысының еріктілері жұмылдырылды.

Жоғарыда аталған үйшіктердің, батареялардың орнатылуының негізгі мақсаты, әрине туристердің қауіпсіздігі. Қала әкімдігі Альпинизм федерациясымен және тау жұртшылығымен бірлесіп, таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін әзірледі. Атап айтқанда, туристер ауа райының қолайсыздығынан қажып яки апатты жағдайларға тап болған жағдайда енді олар қыстыңгүні қақаған аязда тоңса жылынып, сондай-ақ адасып кетсе немесе апатқа ұшыраған жағдайда дереу көмек көрсетуге дайын арнайы таулы маршруттарда 15 нүктеде құтқару үйшіктері орнатылған. Үйшіктерде жедел жәрдем қобдишалары (маршрут карталары, жылжымалы зарядтау станциясы, отын, жылы көрпе және тез бұзылмайтын азық-түлік жинағы) бар.

Туристер төтенше жағдайға тап болған жағдайда көмекке қалай жүгінеді?

Арнайы жүйелілікпен ретті түрде 15 нүктеде орналасқан құтқару үйшіктері дабыл түймесімен жабдықталған. Сонымен қатар, Алматы тауларының әсем табиғатын тамашалауға келген туристерге, алдын ала құтқару үйшіктері орналасқан аймақтар картада, маршрут арқылы көрсетіледі. Ыңғайлы шарттылықпен орналасқан үйшіктер түнекте де адасып кеткен туристке қол ұшын созуға мүмкіндік берері сөзсіз, дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, интернет желісінсіз-ақ жұмыс жасайтын қолжетімді 2GIS қосымшасында да, құтқару үйшіктері арнайы шартты белгілермен көрсетілетін болады.

Автономды күн станцияларына келетін болсақ, олар тауларда 1,5 есе көп «жасыл» энергияны өндіре алады, өйткені жоғары биіктікте күн ағынының радиациясы әлдеқайда күшті. Сонымен қатар, тау төбесін жауып тұрған қар тау үйшіктерінің төбесінде орнатылған автономды станциялардың панельдерінде күн сәулесін көрсететін қосымша сәулелену болып табылады. Бұл құтқару модульдерінің толық жұмыс істеуі үшін қажетті электр энергиясының тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді.

Таулы аймақтардағы интернет мәселесі қашан шешімін табады?

Бұл сұраққа туризм басқармасының басшысы Сабина Алтынбекова, бұл мәселені қазіргі таңда қарқынды түрде шешуге жұмыстар жүргізіліп жатқанын түрте айта жауап берді. Дегенмен қазірдің өзінде, туристер құтқарушыларға төтенше жағдай жөнінде сигнал бере алатын арнайы үйшіктер Wi-Fi тарату функциясымен жабдықталған. Бұл үшін арнайы SOS спутниктік сигналын құтқарушылардың пультіне дауыстық хабарламамен алмасу мүмкіндігін беру үшін 10 радиорелелік діңгек орнатылған.