Алматы трагедиясы: Бүлікшілер өрт сөндірушілерді ғимаратқа қамап, жағып жіберген

0

Алматы қаласының өрт сөндірушілері бүлікшілердің соққыларына қарамастан, жанып жатқан ғимараттан прокуратура қызметкерлерін құтқарып, эвакуациялады. Алайда тәртіпсіздікке қатысушылар өрт сөндірушілерді ғимаратқа қамап, қайта жағып жіберген, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«5 қаңтар күні, сағат 14.30-да Төтенше жағдайлар департаментінің 101-пультіне Алмалы ауданы, Бөгенбай батыр көшесі, 145 мекенжайында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Алматы қалалық басқармасының ғимараты жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Ғимарат ішіне қызметкерлерді бекітіп тастаған, олар көмек сұрап айғайлап жатты. Бүлікшілердің заңсыздықтары орын алған күрделі жағдайға қарамастан және бойды үрей билесе де, құтқарушылар өрт орнына шықты», — делінген Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.

Ақпаратқа сүйенсек, ТЖД басшысы Руслан Қасыбаев Дағдарыстық жағдайларды басқару орталығынан мониторинг жасап, өрт орнына кіретін жолдарға бақылау жасап отырған. Соның арқасында деструктивті элементтердің белсенді заңсыздықтарына қарамастан, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына жете алған.

«Оқиға орнына жеткен кезде ғимарат ішінде қалған адамдар өз бетімен шыға алмайтыны, кейбірі шатырға көтерілгені анықталды. Өрт сөндірушілер соққыға жығыла отырып және өрт сөндіру техникасының қиратылуына қарамастан, адамдарды құтқаруға кірісті. Автосаты, өрт сөндіруге арналған қол сатының және құтқару арқандарының көмегімен 27 адамды құтқарып, 35-ін эвакуациялау мүмкін болды.

Алайда, апаттық-құтқару жұмыстары аяқталған соң, жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар өрт сөндірушілерді аямай таяқтың астына алып, өздерін сол ғимараттың ішіне қамап тастады. Соңында ғимаратты қайта жағып жіберді. Дегенмен, қамалған өрт сөндірушілер өрт сөндіруге арналған сумен қамтамасыз етудің ішкі құралының көмегімен отты сөндіріп, сыртқа шыға алды», — делінген ведомство хабарламасында.