Алматы тауларында жоғалған ер адам өлі күйінде табылды

0
340
Сурет: Ira_B

Алматы тауларында жоғалып кеткен туристің денесі табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли растады.

«12 ақпан күні сағат 14: 30-да 1981 жылы туған ер адамның денесі «Шымбұлақ» шатқалынан табылды» , – деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Бірінші күннен бастап іздестіру жұмыстары қалың тұман, қатты жел, дымқыл қар, нөлдік көріну жағдайына қарамастан жүзеге асырылды. Құтқару жұмысы 3200 м астам биіктікте, көшкін қаупі жоғары аумақта жүргізілді. Жедел-құтқару топтары Шымбұлақ шыңын, жанасып жатқан жотаны, Шымбұлақ өзені бойындағы шатқалды, сондай-ақ Богданович мұздығының ауданын және Талғар асуын толықтай қарап шықты. Кешелі бері құтқару операциясы ауа райының нашарлығына байланысты жаяу жүргізілді.

Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің КА-32 әуе борты да іздеу жұмысына әзірленді. Алайда қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты тікұшақ әуеге көтерілмеді. Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі халықаралық орталықтың ұшқышсыз басқару аппараты (дрон) қолданылды.

Дрон теңіз деңгейінен 5 мың 300 метрден астам биіктікке 5 мәрте көтерілген. Кезекті іздестру барысында дрон адамның құлаған ізін көрсетті. Осы арқылы құтқарушылар жоғалған адамның болжамды іздестіру аумағын белгілеген. Кейін альпинистік жабдықтар мен жіптерді қолдана отырып, құтқарушылар шатқалға түсті. Көшкін қаупіне қарамастан, қазіргі уақытта зардап шегушіні тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, 2021 жылғы 11 ақпанда 1981 жылғы азаматтан оның «Шымбұлақ» шыңына көтеріліп, бағдарын жоғалтқаны және өз бетімен түсе алмайтындығы туралы белгілі болып, іздестіру шаралары жүргізілген еді.