Алматы-Тараз тас жолында болған жантүршігерлік жол апатынан 5 адам зардап шекті

0

Алматы-Тараз тас жолында болған жан түршігерлік жол апатынан бес адам зардап шекті, — бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті хабарлады.

Оқиға 24 қазан күні түстен кейін Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолының 215-ші шақырымында болды. Mitsubishi Pajero жүргізушісі Алматыдан Таразға кетіп бара жатып, айналма жолға бұрылған кезде LADA Granta көлігінің артқы бөлігімен соқтығысқан.

Нәтижесінде бес адам әртүрлі дене жарақаттарымен Қордай ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің ең кішісі 16 жаста, үлкені 65 жаста. Сараптамалар тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Жамбыл облысының полиция басқармасы күз-қыс мезгілі басталар тұста жолда әсіресе абай болу, жол ережелерін қатаң сақтау, қауіпсіз қашықтықты сақтау, ауа райының қолайсыздығын ескере отырып жылдамдық шегін таңдау, сондай-ақ бей-берекет маневрлерден және кенеттен тормоз басудан аулақ болу керек деп ескертеді». — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.