Алматы соты үйқамақта отырған жалғызілікті әйелді абақтыға жіберді

0

Бүгін, 3 шілдеде Алматы соты полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Толғанай Ержанованың 1 мамыр күні рұқсат етілмеген митингіге қатысқан соң үйқамаққа алынған жалғызілікті әйел Жазира Демеуоваға кесілген бұлтартпау шарасын өзгерту талабын қанағаттандырды. Демеуова енді тергеу абақтысында қамауда отырады. Тергеушінің мұндай талап қоюына «азаматтың үйқамақта отыру ережесін бұзуы» себеп болған.

Тергеуші Ержанованың өтінішінде «Демеуова үйқамақта отырса да, [Нұр-Сұлтан тыйым салған] Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының Алматыдағы ахуалды тұрақсыздандыру үшін биыл 6 шілдеде өткізгелі жатқан рұқсат етілмеген митингісіне шақырып жүрді» деп жазылған.

Демеуованың адвокаты Гүлнара Жуаспаеваның сөзінше, прокурор үйқамақта отыру ережесінің бұзылғанына дәлел барын айтқанымен, сот кезінде айғақтарды көрсетпеген. «Бірде-бір дәлел келтірген жоқ» деді Жуаспаева. Адвокат сот қаулысына шағым түсірмек.

Жалғызілікті әйелдің кәмелетке толмаған қызы бар. Сондай-ақ Демеуованың тағы бір қызы кешке дейін жұмыс істеп, үйқамақтағы анасына екі баласын тастап кетіп жүрген. Жуаспаеваның сөзінше, енді балаларға Демеуованың қызы бас-көз болады.

Демеуованы қамауға алу туралы қаулы 6 шілдеде тойланатын Астана күні мен қазіргі билікке наразылар мемлекеттік мереке күні митинг өтеді деп мәлімдеген тұста шығып отыр.

1 маусымда Алматының тергеу соты Жазира Демеуованы, жалғызілікті әйел Гүлзипа Жаукерова мен көп балалы ана Оксана Шевчукті екі айға үйқамаққа алуды қаулы еткен.

Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчук — 1 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Бұл үш әйелді 9 мамырда өткен «Мәңгілік полк» шеруі кезінде де полиция ұстаған. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Күдіктілер «ҚДТ-ға мүше емеспіз, бірақ бағдарламаларының кейбір тұстары ұнайды» дейді.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Азаттықтың анықтауынша, наразылықтан соң жиырмадан аса адам жауапқа тартылған. Сотқа тартылғандар саны бұдан көп болуы мүмкін.

Azattyq