Алматы соты бостандығы шектелген белсендіні түрмеге жіберді
15 наурызда Алматы қалалық Түркісіб аудандық сотының судьясы Ғани Амантайұлы 2017 жылы «Алаяқтық» бабымен екі жарым жылға сотталған белсенді Марат Тұрымбетов «пробациялық бақылау талаптарын бұзды» деп танып, қалған жаза мерзімін, бір жыл төрт айын, түрмеде өтеуді үкім етті.
Марат Тұрымбетовтің үстінен 18 ақпанда қылмыстық-атқару жүйесі комитеті пробация қызметінің басшысы арыз түсірген. Шағым бойынша, пробациялық бақылаудағы белсенді «айына екі рет тіркеуден өтуі тиіс деген талапты орындамаған».
Белсенді сотта бұл айыппен келіспейтінін айтты. Ол «[пробациялық қызметке] тіркелуге барғаныммен, мені тіркеуден өткізген жоқ» деді.
Судья Амантайұлы «Тұрымбетовтің пробациялық қызметке барғанына дәлел жоқ» деп санап, осының негізінде бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына өзгертуді үкім етті.
Сот отырысына белсендінің бірқатар қолдаушысы мен журналист кіргізілмеді. Судья процесті фото мен видеоға түсіруге де тыйым салды.
2017 жылы сот белсендіні «Алаяқтық» бабымен кінәлі деп тауып, екі жарым жылға түрме жазасын кескен. Бірақ судья денсаулығына байланысты жаза түрін бас бостандығын шектеуге ауыстырған. Тұрымбетов бір жыл екі ай пробациялық бақылауда болған.
Белсенді өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, аппеляциялық шағым түсіретінін айтты.
— Денсаулығым бас бостандығымнан айыруға жарамайды. Сондықтан 2017 жылы шартты жаза берген. Себебі екі күнің бірінде гемодиализ процесінен өтуім керек, оның үстіне үнемі дәрігерлердің қарауында болуым керек. Түрмеде ондай жағдай жоқ. Ал бұл жолы [билік] азаматтық белсенділігімді тоқтату үшін бас бостандығымнан айырғысы келеді, — деді ол.
Оқи отырыңыз: «Назарбаев режимі азаматтардың бостандығын шектеп отыр»
Тұрымбетовтің үстінен бұған дейін де бір іс қозғалған. Алматы әкімшілік сотының 2017 жылы шілденің 17-сі күні шығарған қаулысы бойынша, Марат Тұрымбетов 2017 жылы ақпанның 4-і күні №4 қалалық клиникалық емханасында «медбикелерді қорлап, тиіскен». Тұрымбетов тағылған айыпты мойындамаған. Ақыр соңында судья «хаттама құқық бұзу оқиғасынан соң алты айдан кейін толтырылғандықтан әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткені себепті» сот өндірісін тоқтатқан.