Алматы ревматологтары Әлеуметтік үйдің тұрғындарын тексерістен тегін өткізді
2018 жылғы 13 желтоқсан 22:39 114
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматыда ревматолог дәрігерлер әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар тұратын арнайы Әлеуметтік үйге барып, оның тұрғындарын тегін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көшпелі тексеру қалалық Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өтті.
Еске салсақ, Алматыда арнайы Әлеуметтік үй ашылған. Бұл — әлеуметтік көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдар тұратын Қазақстандағы жалғыз үй.
Қалалық Ревматология орталығының дәрігерлері аталған нысан тұрғындарын өз қарауына алғанына биыл екінші жыл.
«Ревматологтар неліктен әлеуметтік үйдің тұрғындарын таңдап отыр? Себебі мұнда мүмкіндігі шектеулі әрі қарт адамдар тұрып жатыр. Олардың көпшілігі сүйек-қаңқа ауруларына шалдыққан. Бүгін тұрғындар сүйек тығыздығын өлшейтін остеоденситометр аппаратына түсті. Былтырғы жүргізілген тексеру нәтижелеріне сәйкес, 26 адамның ішінде 20 адамда остеопороз, 5 пациентте остеопения анықталды. Сонымен қатар, дәрігерлер диагнозды анықтап қана қоймай, бұрын тіркелген науқастарға ем-дом шарасын жазып берді», — деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Қазіргі таңда Қазақстанда остеопороз сырқатының кең таралуы дәрігерлерді алаңдатып отыр. Ауру басында мүлде ешқандай белгі бермейді. Сондықтан дәрігерлер дер кезінде ауруды анықтау үшін 50 жастан асқан азаматтарға денситометрия аппаратының көмегімен тексерілуге кеңес береді.
Осы мақсатта, қалалық әкімдіктің бастамасымен қалалық Ревматология орталығында Остеопороз орталығы ашылды. Мұнда жылына 100 адам сапала медициналық көмек ала алады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz