Алматы қаласының шығыс бөлігінің 100 мың тұрғыны жаңа кәріз коллекторымен қамтамасыз етілді
Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен биыл тамызда қаланың шығыс бөлігі үшін жаңа кәріз коллекторының құрылысы аяқталды. Ұзындығы 19 шақырым болатын жаңа коллектордың іске қосылуы қаланың шығыс бөлігінің 100 мың тұрғынын тұрақты су бұру жүйесімен қамтамасыз етіп, Думан шағын ауданы, Шығыс айналма жолы бойындағы тұрғын үйлер және Талғар ауданының іргелес аумақтарын қамтитын қолданыстағы кәріз желілеріне түсетін жүктемені азайтты.
Сонымен қатар, коллектор «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын (АЭА ИТП) дамытуда шешуші рөл атқарады.
Бұл коллектордың құрылысы 2017 жылы «Ария Жана Астана» ЖШС мердігер ұйымның міндетін орындамауына байланысты тоқтатылған болатын. Сот шешімімен осы мердігер міндетіне салғырт қарайтын жауапсыз қызмет көрсетуші болып танылды.
2023 жылы Алматы қаласының Энергетика және су шаруашылығы басқармасы «Алматы Су» МҚК-мен бірлесе отырып, барлық кемшілікті жою үшін ақау актісін жасады. «Integra Construction» ЖШС мердігер ұйымы қажетті қалпына келтіру жұмыстарын орындайтын болып, жауапкершілікті өзіне алды. Әлеуметтік жауапкершілік аясында компания 2023 жылдың тамызы мен 2024 жылдың тамызы аралығында құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтады.
Бұл нысанның іске қосылуы апаттар мен экологиялық мәселелер қаупін азайтумен қатар, қаланың шығыс бөлігі мен Алматы облысының іргелес аудандарының инфрақұрылымын одан әрі тұрақты дамытуға алғышарт жасайды.
Сондай-ақ, қала әкімі тапсырмасымен 130 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 34 шақырым болатын жаңа батыс кәріз коллекторының жобасы жасалып жатыр. Бұл Алматы қаласының Наурызбай және Алатау аудандары мен Алматы облысының іргелес аудандарын қамтиды. Құрылысты 2025 жылдың ІІ тоқсанында бастау жоспарланған.
Бұған қоса, бүкіл қаланың ағынды суын бұру қызметін атқаратын №1, 2, 3 қолданыстағы кәріз коллекторын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Реконструкцияны 2025 жылдың ІІ тоқсанында бастау көзделіп отыр.