Алматы-Өскемен тасжолында 312 жолаушы эвакуацияланды


Сағат 6.00-дегі жағдай бойынша 312 адам эвакуацияланған. Оның 28-і ауруханаға жатқызылды, 40 жолаушы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте, 55-і Ақтамберді атындағы орта мектепте, 19-ы колледжде, 60-ы Таскескен ауылының тұрғындарының үйінде, 70-і “Айгерім” кафесінде, 40 жолаушы Үржар ауылының үйлеріне жеткен.
Жолда қалған жолаушылар эвакуациядан бас тартты. Қар басқан жолда 231 көлік қалды. Жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақ пен көлікке жанар-жағармай жеткізді. Адамдар медициналық көмекті қажет етпеген. Тасжолы қардан тазартылып жатыр, – делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін Алматы-Өскемен тасжолында қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылып жатқаны туралы хабарланған. Желдің секундына 15-20 метр жылдамдыққа дейін ұйытқуы салдарынан Аягөз-Алматы облысы шекарасы аймағында 20 қаңтар күні сағат 12.00-ден бастап жол жабылды. Бүгін, 21 қаңтар күні сағат 9-дан бастап Алматы-Өскемен тасжолының учаскесінде барлық көлік құралына жол ашылды.
Дереккөз: Baribar.kz