“Алматы-Орал” ұшағының бортында баланың жүрегі тоқтап қалды
Алматыдан Оралға ұшып шыққан рейстің бортында баланың тыныс алуы нашарлап, жүрегі тоқтап қалды. Қуанышқа орай, борттан дәрігер табылып, кішкентай жолаушыны реанимациялай алған, — деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі. |
«Мой город» сайтының ақпаратына сәйкес оқыс оқиға 11 ақпанда болған. Бала бұған дейін диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болды.
Бүлдіршін ауырып қалған сәтте ұшақ бортында Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері болған. Дәрігер баланы тексеріп шығып, шұғыл түрде реанимациялады. Кейін балаға дәрі-дәрмек тағайындалды.
Орал әуежайына қонғаннан кейін науқас жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.
Дәрігердің аты-жөні белгісіз. Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ол атын жария етпеуді сұраған.
фото: iStock