Алматы облысының төрт тұрғынынан сібір жарасы анықталды

0

Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Ақсу ауылдық округінде сібір жарасына күдікті төрт жағдай тіркелді. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы аурудың тері түрі инфекцияның ең кең таралған түрі екенін және уақтылы емдеу кезінде қалпына келу мүмкіндігінің жоғары екенін атап өтті.

Барлық пациенттердің жағдайы ауырлықтың орташа дәрежесінде деп бағалануда.

«Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Инфекцияның негізгі көзі – ірі қара мал, жылқы, қой, ешкі. Сібір жарасының қоздырғышы адам организміне, негізінен, зақымдалған тері арқылы, сирек жағдайда – тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Инкубациялық кезең (жұқтыру сәтінен бастап аурудың белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт) 2 күннен 14 күнге дейін», — деді ол.

Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов инфекцияны жұқтыру қаупі бар адамдар тобы анықталғанын айтты. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынған.

Жергілікті атқарушы органдар жедел штаб құрып, жағдайды бақылауды және қадағалауды күшейтті. Аудандық полиция бөлімі етті және малды ауданнан тыс жерлерге әкетуге және басқа аудандардан әкелуге шектеу енгізді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық инспекциясынан атап өткендей, мал ветеринарлық қызметке хабарламастан сойылған.

«Аурудың нақты себептерін анықтау үшін ветеринариялық инспекция санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және полиция департаментімен және облыс әкімдігімен бірлесіп науқастардың үйлерінен сойылған малдың шикізаты мен өнімдерінен, сондай-ақ сою орнындағы топырақтан сынамалар алды.Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері жақын арада дайын болады деп күтілуде. Сонымен қатар, талдау үшін материалдар Алматы қаласындағы ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа жіберілді»,- делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта елдімекенде дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді, науқастардың жеке шаруашылықтары карантинге жабылды.

Мамандар жануарларды күнделікті тексеруден өткізуде, әзірге аурудың клиникалық белгілері анықталған жоқ.