Алматы облысының тәртіп сақшылары мен құтқарушылары ел алғысына бөленді

0

Мамандар жолда қалған автобус жолаушыларына көмек қолын созған.

Алматы облысының полиция қызметкерлері мен құтқарушылары жолда қалған жолаушыларға көмек қолын созып, алғысқа кенелді, деп хабарлайды, Zakon.kz Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы-Өскемен» бағытында қатынайтын жолаушылар автобусы істен шығып, Сарқан ауданында жолда қалған. Тәртіп сақшылары мен ауданның құтқару қызметі жолаушылардың жай-күйін, ауа-райының қолайсыздығын ескере отырып, көмек қолын созуға жылдам жетеді. Көлік бұзылған орынған келген олар 20 адамға барынша көмек көрсеткен.

Осыған ұқсас факті Ақсу ауданына кіре берісте орын алған. Алматыдан Зайсанға сапар шеккен 17 адам автобустың техникалық ақауынан кейін жүрісін тоқтатады. Сол күні қатты аяз болған. Автобустағы жолаушылар қиын шақта қамқорлық танытқан полиция қызметкерлеріне, облыстық жедел құтқару жасағына, төтенше жағдай қызметіне және Қызылағаш ауылының әкімі мен ауыл тұрғындарына шексіз ризашылықтарын білдіріп, әлеуметтік желі арқылы алғыстарын айтқан.

«Хабар берілген соң полиция да, құтқарушылар да өте жылдам жетті. Қолдарынан келгенше көмек көрсетті. Автобусымыз жөнделді. Қазір «сәтті сапар тілеп», шығарып салып тұр! Жігіттерге алғысымыз шексіз»,- дейді жолаушылардың бірі әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада.

Тәртіп сақшылары көмекке зәру болған халықтың алғысын алу — үлкен абырой екенін алға тартып отыр.

«Полиция қызметкерлері кез келген қиын шақта азаматтарға қол ұшын беруге дайын. Әсіресе, қысқы мезгілде жол бойында осыған ұқсас жағдайлар көп кездеседі. Халық тарапынан алғыс есту – әр қызметшіге үлкен абырой. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің басшылығы өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараған жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың ісін жеке құрамға үлгі еткенін атап өтеміз»,- деп толықтырды облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz