Алматы облысының полицейлері мал ұрлығымен білек сыбана күресуде

0
137

Қабылданған шаралар нәтижесінде алты күн ішінде облыста 42 мал ұрлығы дерегі ашылды.

Алматы облысында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 19 қылмыстық деректі әшкереледі, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір күн ішінде Ақсу ауданында мал ұрлығына қатысты алты қылмыс ашылса, Қарасай ауданында 4 деректің мән-жайы анықталды. Ал, Еңбекшіқазақ ауданында үш және Жамбыл ауданында екі қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды. Ескелді, Көксу, Панфилов және Сарқан аудандарының полицейлері мал ұрлағандардың жолын кесіп, бір қылмыстан әшкереледі.

«Мал ұрлығының 6 дерегі ашылды. Қолды болған 6 ірі қара мен 11 жылқыны заңды иелеріне қайтардық. Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстарға қатысы бар күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олардың бұдан өзге қылмыстарға қатысы анықталуда»,- деп атап өтті Ақсу ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ә. Байзолда.

Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында ұрылар айдап әкеткен 25 ұсақ мал иесіне қайтарылған. Өзге ұрлық деректері бойынша да қолды болған малдар қайтарылған немесе олардың материалдық шығындары өтелген.

«Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы Алматы облысының аумағында 12 сәуірге дейін жалғасады. Мал ұрлығының жолын кесу мақсатында тәртіп сақшылары барлық базарларда, мал сою және ет сату орындарында рейдтер ұйымдастыруда. Барлық автожолдарда блокпосттар қойылып, мал және ет өнімдерін тасымалдаушы көліктер жіті тексерілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде алты күн ішінде облыста 42 мал ұрлығы дерегі ашылды. 750 жуық автокөліктің құжаттары тексеріліп, құжатсыз мал тасымалдаудың 86 фактісі анықталды»,- деп атап өтті облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

kaz.zakon.kz