Алматы облысында жыл басынан бері 5 мыңнан астам ұрлық дерегі ашылған
Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысында ұрлықпен айналысқан 135 топ ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов халықпен кездесуінде мәлімдеді.
Ол тәртіп сақшылары өзгенің мүлкін үптеп кетуді кәсіп қылған ниеті бұзылған азаматтардың жымысқа әрекеттерін әшкерелеп, қылмыстың алдын алу бойынша тынымсыз жұмыс жасайтынын жеткізді.
«Ең көп жасалатын қылмыс түрі – ұрлық. Биыл 5000-нан астам ұрлық дерегі ашылды. Жыл басынан бері ұрлықты кәсіп қылған 135 қылмыстық топ ұсталды. Оның ішінде пәтер тонаушылардың 44 тобы мен мал ұрлығымен айналысқан 34 топ барымташылар да бар»,- дейді облыстың бас полицейі.
Ведомство басшысы зардап шегушілерге 42 миллионнан астам материалдық шығын өндірілгенін, сондай-ақ, 1200-ге жуық мал өз иелеріне қайтарылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, облыс көлемінде орналтылған 968 бейне камераның көмегімен 10 ай ішінде жүзден астам қылмыс ашылған. Оның ішінде 65 ұрлық, 25 бұзақылық және т.б. қылмыстар бар. Қазіргі уақытта қоғамдық орындарда, тұрғын үйлер ауласы мен кіреберістерінде бейнебақылау орнату жұмыстары тиісті органдармен жетілдіріліп, қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды ашу және оның алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ