Алматы облысында Жолбарыс биге еңселі ескерткіш орнатылды
Алматы облысында Жолбарыс биге еңселі ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ батырдың 350 жылдығына орай жаңа кітаптардың тұсауы кесілді, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
90 жыл өмір сүрген Жолбарыс бидің ескерткіші Талдықорғанға кіре берістегі жаңа ықшамауданға қойылды. Ат үстіндегі батырдың бейнесіне үш автор атсалысқан. Демеушілердің қаражатына жасалған ескерткіш қоладан, ал тұғыры граниттен тұрғызылған.
«Осы екі жылдың шамасында Нүсіпов Марат Әлімқұлұлы, Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлы және Жуасбаев Бауыржан Алмасбекұлы үшеуіміз осы ескерткіштің мүсінін жасауға кірістік. Астана қаласында құйылды. Эстетика жағынан келтірген Алматы облысының әкімі Аммандық Ғаббасұлы Баталов», — деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жоба авторының бірі Марат Нүсіпов.
Жолбарыс бидің 350 жылдығына орай ескерткіштің ашылуымен қатар үлкен конференция өтіп, «Жылқайдарұлы Жолбарыс би елінде» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Туынды авторының бірі, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев. Кітапта жалайыр ұрпағынан шыққан батыр, елші, көріпкел болған Жолбарыс бидің ұрпағы жайлы мәліметтер қамтылған.
«Елдің арасындағы қатынастарды реттеп отырды. Елшілік міндеттер орындады. Біз осы шараға байланысты «Жылқайдарұлы Жолбарыс би елінде» деген кітап даярладық. Өмір Жолбарыс бидің қызметімен аяқталмайды. Оның өміріндегі мәселелер оның ұрпағында жалғасып жатыр. Оны көрсету тарихшылардың міндеті», — деді Мәмбет Қойгелдиев.
Жолбарыс би Алматы облысындағы Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында жоңғарлармен болған шайқасқа қатысқан. Кейін қазақ жерін жаудан тазартқан соң, босқын елді атамекеніне қайтаруға да үлес қосқан. Елшілік қызметті де атқарған. Оның ақылы мен данагөйлігін де халық жоғары бағалаған дейді, тарихшылар.