Алматы облысында жойылып кеткен Тұран жолбарысы жаңғыртылады — Қазақстан жаңалықтары

0

Іле Балқаш резерватында Тұран жолбарысының популяциясын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Резерватты құрған кездегі негізгі мақсат та осы еді. Ал аталған аңға ең жақын түр амур немесе усуриялық жолбарыс. Соларды әкелу жоспарланған. Қазіргі таңда жыртқыштың азықтық қорын көбейтіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

жолбарыс

415 гектардан аса жер көлемі бар Іле Балқаш табиғи резерватында сүтқоректілерді 39, құстардың 284, қосмекенділердің 3, балықтың 33, бауырмен жорғалаушылардың 19 түрі өмір сүреді. 

Араға 115 жыл салып мұнда бұхар бұғысы қайта оралған. Резерват аумағына 2018 жылы 5 бұғы, былтыр 11 бұғы әкелінген. Мақсат — бұхат бұғысын табиғи мекеніне қайтару, жолбарыстың азықтық қорын көбейту. 

Бұғылар жаңа мекенге үйрену үшін бастапқыда аумағы 10 гектар қоршауға жіберіледі. 

«Мұның ішінде қазір 11 бұғы бар. Оларға өзіміз қолмен әкеп су құямыз, азығын береміз. Қатты қорқыныш пен стресстік жағдай болмау үшін мұнда екі адамнан артық кірмейді», — деді Іле Балқаш табиғи резерваты директорының орынбасары Ұлан Мамырбаев. 

Резерват  қызметкерлер аумаққа қойған фототұзақтар арқылы жануарлардың жүрп-тұруын тексеріп отырады.

«Осында деректер алу үшін келеміз. Фототұзақ күніге көрсетеді, кім келгенін, қашан, қанша бас келгенін, қалай жем жегенін, су ішкенін, бәрін көрсетеді. Бүкіліне осымен мониторинг жасап отырмыз», — деді Іле Балқаш табиғи резерваты директоры Жәнібек Жұбаниязов.

Сонымен қатар, жануарлардың кейбірінің мойнында GPS-алқа тағылған, сол арқылы мамандар олардың резерват аумағында қозғалуын қадағалайды. 

Резерват құрылған 2 жылда жануарлар саны едәуір көбейген. Оларды ешкім мазаламайды. Аң аулап, құс атуға тыйым салынған. 

Аумақ қызметкерлерінің айтуынша, әсіресе жабайы шошқалар тез көбейіп келеді. Ол да 2024 жылға қарай резерват аумағына әкелінетін амур немесе усуриялық жолбарыстың азығы болмақ. 

Жолбарыстың аталған екі түрі жойылып кеткен Тұран жолбарысының ең жақын туысы. Жолбарысты жаңғырту жұмысы құжат жүзінде 2017 жылы бекітілді. 

Тұран жолбарысының осында өмір сүргенін жақын маңдағы Қараой ауылының жергілікті тұрғындары да растады. Ол ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып айтылған. Соңғы жолбарыстың 1947 жылы атылып кеткенін олар да айтты.

Тұран жолбарысының жойылуының негізгі себебі — адами фактор. Жер айдап, ауыл шаруашылығын дамыту жолбарыс мекенін тарылтып, азықтық қорын азайтқан, жыртқыш амалсыз ауыл малына шапқан. Осыдан кейін тұрғындар оларды өлтіре бастаған. 

Келешекте осындай қателікті қайталамау үшін резерват қызметкерлері жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізіп жатыр. Броконьерлікпен жан бағып, аң аулап жүргендерге гранттар бөлді. Халық басқа кәсіпке ауыса бастады.

«Шыны керек, балықты да, аңдарды да ауладық. Ақшаның бәрі осы табанымыздың астында. Еңбек етсең бәрі болады, ақша да, мал а, тамақ та. Сондықтан еңбек ету керек, еңбек етіп жатырмыз. Таза еңбек жақсы», — дейді Қараой ауылының тұрғыны Айтарлы Алпаров.

Бұдан басқа, резарват қызметкерлері тоғайды кеңейту үшін түрлі ағаштардың көшеттерін егіп жатыр.

Ерекше қорғалатын аумақта аса көп зерттелмеген жануарлар мен өсімдіктер жетерлік. Резерват ғалымдары олардың бәрін зерттеп, ғылыми еңбекті жазуды жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, резерваттың тағы бір мақсаты — туристтік бағытта даму.

stan.kz