Алматы облысында жігіттің жынын қуамын деп өлтіріп қойған емші ұсталды
Марқұмның туыстары әзірге полицияға ресми арыз түсірген жоқ
ТАЛДЫҚОРҒАН, 14 қаңтар — Sputnik. Алматы облысының полициясы 28 жастағы жігіт қайтыс болғаннан кейін емшіні қамауға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауыл тұрғыны 12 қаңтарда өз үйінде көз жұмды. Сот-медициналық сараптама жүргізу барысында 28 жастағы ер адамның көптеген қабырғасы сынып, өкпесіне зақым келгені анықталды. Жас жігіт бұл ауыр жарақаттарды жергілікті бақсыға емделуге барғанда алған болу мүмкін.
«Зардап шегушінің туыстары тарапынан полицияға әзірге ресми арыз түскен жоқ. Соған қарамастан Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағына («Өлімге әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын қасақана салу») сәйкес, аталған факті бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу материалдарында күдікті ретінде дәстүрлі емес медицинамен айналысатын 63 жастағы ер адамның аты аталып отыр», — деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.
Жәбірленуші емшіге оның туыстары әкелгені анықталды. Олардың айтуынша, жігіттің ішіне үш жыл бұрын жын кіріп кеткен. Емші науқасты бес күн «емдеген», ақыр соңында жындарды қуамын деп өлтіріп алды.
Облыстық полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізу Қарасай аудандық полиция қызметкерлеріне тапсырылғанын айта кетті. Ұсталған емші уақытша ұстау абақтысына жабылды
Дереккөз: https://sputniknews.kz/