Алматы облысында жантүршігерлік қылмыс ашылды

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Ер адамның бөлшектелген мәйіті қоқыс тастайтын жердің аумағынан табылды

ТАЛДЫҚОРҒАН, 8 маусым — Sputnik. Алматы облысында бірнеше күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен фермерді өлтірді деген күдікпен 41 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бірінші мауысым күні Көлбай ауылында тұратын зейнеткер Алакөл ауданының полициясына 66 жастағы күйеуі жоғалып кеткенін хабарлаған. Жоғалған адам шаруа қожалығының иесі болған, мал өсірумен айналысқан. 

Фермерді іздеу жұмыстары бірнеше күнге жалғасты, ақыр соңында, полицейлер оның жоғалуының мән-жайын тексере келе, кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғауға шешім қабылдады.   

«Алғашқы іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді, алайда тауда жасырынбақ болған 41 жастағы туысы күдікке ілініп, ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында ол жәбірленушіні өлтіргенін мойындады», — деп хабарлады полиция.

Ведомство сондай-ақ күдікті қылмыс істегенін мойындағанына қарамастан, мәйітті өзенге тастап жібердім деп өтірік айтып, тергеуді шатастыруға тырысқанын атап өтті.

«Күдікті тергеушілерге берген жауабында мәйітті Лепсі өзеніне тастап жібергенін айтты. Полиция қызметкерлері мен сүңгуірлер жағалаудағы бірнеше шақырым жерді, өзеннің түбін қарап шықты. Алайда ер адамның бөлшектелген сүйегі Көлбай ауылына жақын маңдағы қоқыс тастайтын жерден табылды», — деп хабарлады облыстық полиция.

Тағы оқыңыз: Атырау тұрғыны күйеуін бөлшектеп, үстіне бетон құйып тастаған

Күдікті қамауға алынды. Алакөл ауданының полиция қызметкерлері кісі өлтіру фактісі бойынша алдын ала тергеуді бастады.

Қанды қылмысқа ер адамдар арасындағы ескі дау-дамай себеп болуы мүмкін. Қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауына алды.



sputniknews.kz