Алматы облысында зейнеткер жалған терроризм үшін ұсталды
Полиция қарт адамның неге телефонмен «ойнағанын» анықтап жатыр
ТАЛДЫҚОРГАН, 17 қаңтар — Sputnik. Алматы облысы полицейлері Жаркенттегі күш құрылымдарын бір сағаттай әбігерге салған «телефон террорисін» анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанның Қытаймен шекарасына жақын орналасқан Жаркент қаласының ауруханасына 16 қаңтардан 17 қаңтарға қараған түні белгісіз бір ер адам қайта-қайта қоңырау шалып, жарылыс, қастандық, қауіпті жұқпа тарату ұйымдастырылғалы жатқаны туралы хабарлайды.
Полицияның айтуынша, хабарлама түсініксіз әрі аяқталмаған екен. Тәртіп сақшылары басқа да күш құрылымдарымен бірге тексеру және алдын алу шараларын атқарды.
«Тексеру барысында барлық хабарлама жалған болып шықты. Содан кейін хабар таратушы адамды анықтау үшін жедел іздеу шаралары ұйымдастырылды. Ақыры соңында мас күйінде өз телефонынан қоңырау шалып, осы хабарды таратқан 70 жастағы зейнеткер ұсталды. Қазір Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Террорлық акт туралы қасақана жалған хабар беру» бойынша сотқа дейінгі тергеулер басталды, соның барысында қарт кісінің неге бұлай жасағаны анықталмақ», — деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Алмас Жақсылықбаев.
Қазір зейнеткер Панфилов ауданы полициясында қамауда отыр.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/