Алматы облысында заңсыз балық тасымалдағандар ұсталды
Мемлекетке 10 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Алматы облысында екі тоннадан астам заңсыз ауланған балықты тасымалдаушылар ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тәртіп сақшыларының ақпаратынша, Алматы облысының полицейлері Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясымен және табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, заңсыз ауланған көксеркенің ірі партиясын құрықтады.
Контрабандалық тауар «Алматы-Өскемен» автожолының 319 шақырымында «Фольксваген-Транспортер» автокөлігінен табылды. Минивэн иесі Талдықорған қаласының 35 жасар тұрғыны құқық қорғау органдарына 2 тонна 150 кг «көксерке» балығын тасымалдауға қажет қандай да бір рұқсат құжаттарын көрсете алмады.
«Браконьерлер «көксерке» балығын аулау арқылы мемлекетке 10 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Балықтар тиісті қабылдау орындарына өткізілді, ал одан түскен қаржы мемлекет пайдасына аударылады. Осы дерек бойынша тергеу материалдарын сотқа жолдау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына берілді», — деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы облысының аумағында 14 ақпаннан бастап табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау мен жолын кесуге бағытталған «Браконьер» профилактикалық жұмыстары жалғасуда.
Бес күнде атқарылған іс-шара кезінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 45 дерегі анықталды. Олардың 8-і заңсыз ағаш кесу, заңсыз аң аулаудың 23 фактісі, заңсыз балық аулаудың 12 дерегі және биоресурстарды заңсыз алып өту, аңшы қаруын алып жүру, тасымалдау тәртібін бұзу фактілері тіркелді.
«Анықталған деректер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушылардан 2 тоннадан астам балық, 7 текше метр заңсыз кесілген ағаш, 4 дана қару тәркіленді», — деп атап өтті облыстық Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz