Алматы облысында ұрыларға жем болған жұрт шу шығарды

0

Сақшылар тұтқаны көтермей елді титықтатып жүргенде ұрылар бұрынғыдан да бетер басынған.

Телефон тұтқасын көтермейтін тәртіп сақшылары. Алматы облысының тұрғындары полицейлердің өздерінен ендігі теріс айналып қашатындарын айтады. Күндіз болған ұрлыққа түнде әзер жететін тергеушілер кешігудің себебін сұрағанда өзімізге дүрсе қоя береді дейді. Осыдан болса керек, әбден күшейген ұрылар ендігі үйлерді тұрғындардың көзінше тонауға көшіпті. Бұл туралы zakon.kz КТК телеарнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек ауылы тұрғындарының еңбекпен тапқан малын да, дүние-мүлкін де қызығып ұры-қарылар көріп отыр. Жұрттың айтуынша, ауылда ұры кіріп-шықпаған үй қалмаған.

Ескендір Нұрзатхан, Еңбек ауылының тұрғыны:

«Үйімнің іргесіне апарып сойып кетті ғой, жалғанның қорлығы! Сендерден басқа жұмысымыз жоқ па деп ұрсады маған. Екі сиыр! Балаңның бауыр етін жегір!».

Айтқандай-ақ, ұрылар оның қос сиырын алысқа ұзамай-ақ сойып алған екен. Басқа шыққан барымташылар ауыл сыртында ішек-қарыны мен мүйіздерін қалдырған. Қарақшылардың қорлығы өтіп кеткен қарашаны бәрінен бұрын сақшылардың енжарлығы ашындырған.

Қуандық Ерекен, Еңбек ауылының тұрғыны:

«19 рет хабарластым телефонға, көтермей қойды. Біз жиналыста болдық дейді. Ол жиналыста болған адам телефонын алу керек қой! Халық үшін қызмет қылған соң алу керек! Бізге Үкіметтің бергені бір-ақ машина дейді. Бір машинамен қайсысына барамыз дейді?».

Сақшылар тұтқаны көтермей елді титықтатып жүргенде ұрылар бұрынғыдан да бетер басынған. Әдетте, күннің батуын тосатындар енді көзді бақырайтып қойып тонауға көшіпті. Жеңіс Терлікбаевтың үйін ұрылар ішінен кілттеп алып тонаған. Ондайды күтпеген үй қожайыны далада абдырап жүргенде, артқы терезеден секіріп кеткен.

Жеңіс Терлікбаев, Еңбек ауылының тұрғыны:

«Кешкі алты қырықта шақыртқан жедел топ түнгі бірде әрең дегенде жетті. Бірден ұрының ізіне түсіп, ұстау деген жоқ қазір. Ол бізге арман. Тәртіп сақшылары міндетін ұмытқан секілді. Немесе жұмыс істегісі жоқ. Министрлік оларды тексермей ме? Бәрі бетімен кетті.».

Ал полиция департаментінде мәлімет басқа. Еңбек ауылында екі жылда 24-ақ ұрлық фактісі тіркелген.

Көбейхан Нұрахмет, Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

«Еңбек ауылында екі жылда 24 ұрлық фактісі тіркелген. Оның 10-ы ашылды. Енді қалғандары бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.».

Ал тұрғындардың «телефон тұтқасын көтермейді» деген шағымын әрине теріске шығарды. Екі ортада мұңын шағып жиналған халық өтірікші атанды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/