Алматы облысында тас жолға қар көшкіні құлады (видео)
22 наурызда Алматы облысындағы тас жолға қар көшкіні құлады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық автомобиль жолдарын басқару операторының хабарлауынша, сағат 17:00 шамасында республикалық маңызы бар «Алматы-Космостанция» тас жолының 19-шақырымындағы жол бөлігінде қар көшкіні жүріп өткен.
«Қар көшкіні көлемі 600 м3, ұзындығы 50 м, биіктігі 2 метрге дейін жетті. «Қазавтожолсервис» ЖШС қызметкерлері жол бөлігін тазарту жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін екі бірлік техника (тиегіш-1, бульдозер-1) ) және 10 жеке құрам жұмылдырылды. Сонымен қатар кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай бақылауда», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Букреев шыңында қар көшкіні жүргені туралы жазған едік.