Алматы облысында сотталған жігіттің туыстары оның кінәсіз 15 жылға қамалғанын айтты  — Қазақстан жаңалықтары

0

36 жастағы жігіттің туысқандары еш кінәсі жоқ жақынымыз 15 жылға сотталып кетті деп ашынып отыр. Алматы облысының тұрғыны Еділ Надырбековті былтыр жазда Қаскелең қаласының полицейлері есірткі сатты деген күдікпен ұстаған екен. «Алайда, оның қылмысын дәлелдейтін бір де бір айғақ жоқ» дейді жақындары. Сотта да айыптаушы тарап оның кінәсін көрсететін еш айғақ көрсете алмапты. Ал, өздері келтірген дәлелдерге аудандық және облыстық соттың судьяларының құлақ аспай қойыпты. 

 

Былтыр жазда істі болған 36 жастағы Ерлан Надырбековтың анасы ұлының жазықсыз сотталғанын айтады. Тілшілердің алдында ғана емес, ұлы қамалғалы 7 ай бойы сөйлеуден қалған. Қазір дәрінің күшімен отыр, дейді туғандары. Ұлын оқу орнында есірткі сатты деген айыппен Қарасай аудандық соты 15 жылға бостандығынан айырған екен. Алайда, туыстары бұл үкіммен келіспейді. Айтуларынша, жағдайы жақсы отбасында өмір сүріп жатқан Ерлан үшін арам жолмен ақша табуға еш негіз болмаған. Ал, алғашқы сот отырысында айыпталушының еш кінәсі жоқ деген судья, артынша, шешімді өзгерткен көрінеді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы». 

«Ешкім бізге құлақ аспай отыр. Прокурордың келтірген дәлелдерінде нақтылық жоқ. Судья кеңесу бөлмесінде көп кідірген жоқ, дайын тұрған айыптау қорытындысын оқыды, оны аңғару қиын емес. Жалпы, бәрі біз үшін алдын ала дайындалған спектакль сияқты көрінді», — дейді сотталушының бауыры Алмас Әбенов.

Қаскелең қаласының тәртіп сақшыларынан құралған арнайы жасақ оны қала сыртындағы жеке шаруашылық аумағында ұстаған . Іс материалында оны тамыздың 19-күні оқу орындарының бірінде есірткі заттарын сатты делінген. Алайда, «бұлтартпас дәлелдері сол кезде бола тұра полицейлер 5 күн өткен соң қамағаны түсініксіз» дейді жақындары. Олардың сөзінше, тінту жұмысын жүргізу үшін рұқсат қағазын көрсетпеген сақшылар нашаны әдейі салуы мүмкін. Себебі, сотта операция барысындағы түсірген бейнежазбада күдіктінің кім екені анық көрінбеген екен. Сондай-ақ, сот барысында айыпталушы тараптың келтірген бейнежазба мен дәйектерін судья қабылдамай тастаған көрінеді. 

«Сот сараптамасын жасағандар видеода кім екені белгісіз деп айтты. Ер адам екені ғана көрініп тұр дейді. Күлкілі нәрсе негізі. Бет әлпеті, дауысы да ұқсамайды. Бауырым кімнің жолын кескенін білмеймін. Кімге жамандық жасағанын білмеймін. Бұл кімге керек болғаны түсініксіз. Бізге тек соттың әділетті шешімі ғана керек», — дейді сотталушының бауыры Алмас Әбенов.

Аппеляциялық шағымды қараған Алматы облыстық сотындағылар күдіктінің кінәсі толық дәлелденген деп отыр. Айыпталушының ісін қайта қараған облыстық сот судьясы, керісінше, оған тағайындалған жазаны жеңілдеттік дейді. 

«Материалдардың барлығы оның кінәсін толығымен дәлелдеген соң, біз 1-сот алқасының үкімін күшінде қалдырдық. Мені тергеуші қорқытып мойындатты деген. Алайда, олай болса прокурорға немесе басқа да құқық қорғау органдарына бірінші қамалған күннен бастап арыз жазу керек еді. Бірақ еш жерде оның арызы жоқ», — дейді Алматы облыстық сотының судьясы Бақытжан Ниязов.

Жақынымыз жазықсыз сотталып, 7 ай бойы түрмеде жазасын өтеп жатыр деген Еділ Надырбековтың туғандары мен адвокаты әділдікті енді елордаға барып іздемек. Қазір Жоғарғы сотқа арыз жазып, фемида өкілдерінен істің қайтадан байыбына барып, жай-жапсарын анықтауды сұрап отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz