АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «СОНАР — 2021» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

0

Алматы облысында «Сонар – 2021» республикалық турнирі өтті. Жарыс биыл Ескелді ауданы, Тау-Жетісу демалыс аймағында 24-ші мәрте ұйымдастырылды. Сұңқар, қаршыға, бүркітті ұшырып, құмай тазыны жүгірткен сайысқа 11 облыстан 80-нен астам құсбегі қатысты.
«Қаршығаға, бүркітке, тазы иттерге бөлінген қаражаттарымыз жылдағыға қарағанда соңғы үш жылда өте жоғары. Бірінші орынға бір миллион теңгеге дейін марапат тағайындалған»,-дейді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.
4 күнге созылған сайыста тазылар 350-500 метрге жүгіріп жарысты. Жүйріктілігі желмен бірдей қазақы иттердің ұшқырлығы, ептілігі, сыналды. Сондай-ақ, қаршығаны қолға шақырып, сұңқарды қырғауылға салды. Осылайша, жотадан естілген қыран құстың қиқуы саятшылардың делебесін қоздырды. Сайыста Алматы облысынан қатысқан құсбегі Әйетбай Ермұханның «Нұра» атты бүркіті түлкіге 23 секундта жетіп, «Бүркіт» номинациясында 1-ші орынды иеленді.
«Бұл жолы тұман басып тұрып алды. Өте қиын болды.Үш күнге созылған жарыс құсқа қиын олды қанша дегенмен. Еңекпен келіп жатыр. Бірінші орын алғанымызға қуаныштымыз»,- дейді «Бүркіт» номинациясының 1 орын иегері Ермұхан Әйетбай.
Сонымен қатар, «Қаршыға» номинациясында 1-ші орынды Сейітжан Бексұлтан иеленді. Ал, сұңқарлардың арасында «Қаракөз» мықты боп, Көдеков Мұрат 1-ші орыннан көрінді. «Құмай тазы» номинациясында «Тұйғын» атты тазы жүйрік боп, бапкері Оспанов Айдос 1-ші орынды қанжығасына байлап қайтты.