Алматы облысында «Қызыл кітапқа» енген балықты аулағандар ұсталды
Іске қатысты сот алды тергеу жүріп жатыр.
Алматы облысында тәртіп сақшылары заңсыз балық аулаумен айналысқан браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының Табиғатты қорғау полициясы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, екі браконьерлік деректі анықтаған.
Тәртіп сақшылары Ұйғыр ауданында елімізде аулауға тыйым салынған, «Қызыл кітапқа» енгізілген Аралдың мұртты балығын аулаған екі тұрғынды ұстады. Алдын ала тексеру барысында күдіктілердің мемлекетке 757 500 теңге материалдық шығын келтіргені белгілі болды.
Осы сияқты тағы бір дерек Алматы-Өскемен автожолының бойында Талдықорған қаласына кіреберісте тіркелді. Полицейлер жалпы салмағы шамамен 4 тоннадан астам «көксерке» балығы тиелген екі Volkswagen автокөлігін ұстаған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 25 млн теңгеден асып түскен.
Облыстық полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, тәркіленген балықтар арнайы қабылдау орнына өткізілді. Одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылатын болады.
«Аталған екі дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Балықтар тиісті сараптамаға жіберілді. Тергеу кезінде істің мән-жайы анықталып, іс сотқа жолданатын болады»,- деп атап өтті облыстық табиғат қорғау полициясының өкілі Бағлан Рымжанов.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz