Алматы облысында қашықтықтан оқитын студенттер интернет іздеп, тау кезіп жүр — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысы Панфилов ауданы Сарытөбе ауылында студенттер онлайн сабақты таудың басына шығып оқуға мәжбүр. Өйткені облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан елдімекенде интернет атымен жоқ. Жергілікті шенеуніктер интернет желісі кезек келгенде, шамамен 2-3 жылдан кейін ғана қосылады деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

тау кезген студенттер

Ақтолқын Тұрлықазы — карантин басталарда ауылына қайтқан тәлімгерлердің бірі. Бірақ туған жерінде қашықтықтан оқу мұнша қиынға соғарын білмеген. Қалаға кері қайтпақ та болыпты, бірақ Алматы аяқ астынан жабылған. Енді онлайн сабаққа қатысу үшін интернет тартатын жер іздеп, күнде тау кезіп жүр. 

«Қолдарында планшет, қағаз, қалам сынды заттарын алып, студенттер тау-тастарға шығып сабақ оқып жүр», — дейді Ақтолқын Тұрлықазы. 

Ақтолқын сияқты отыз шақты студент үш шақырым жерге жаяу барып, таудың басына шығып, онлайн дәрістерге қатысып жүр. Студенттерді, әсіресе, сессия нәтижесі алаңдатады. Өйткені университет тәлімгердің сабаққа толық қатысуын талап етеді. Сабақ бітпейінше қарасуықта тоңып отыратын студенттер тек қас қарайғанда ғана үйлеріне қайтатындарын айтады. Себебі олар тапсырма орындамаса, сабаққа қатыспағанмен бірдей болады. 

«Бірнеше ЖОО жаппай онлайн оқытуға көшті. Бірақ көбінесе шағын аудандарда онлайн оқуға  мүмкіндік жоқ», — дейді далада оқуға мәжбүр студенттердің бірі. 

тау кезген студенттер

Ал 600 тұрғыны бар Сарытөбе ауылында қашықтықтан оқуға көшкен мектеп оқушыларының жағдайы тіптен қиын. Жүзге жуық оқушы берілген тапсырманы қағазға орындап тапсырады дейді шенеуніктер. Ал студенттерге көрші ауылдағы интернетті пайдалануға кеңес беріліпті. 

«Мектеп мұғалімдері үйді аралап, оқыта алады. Ал студенттерге солай оқуға тура келіп тұр. Өйткені ауылда ешқандай байланыс жоқ. Осыдан бес ай бұрын аудан әкімі интернет орнатуға өтініш тастаған», — деді Алматы облысы Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағатұлы. 

тау кезген студенттер

Бюджет бөлінсе, Сарытөбеге интернет тек екі-үш жылдан кейін орнатылуы мүмкін екен. Ал «Ақылды қалалар», «Цифрлы Жібек жолы» секілді әдемі тараулары бар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдаған еліміз халықты қарапайым интернетпен қамтуға жарамай отыр. Үкімет бұл жобаға 2018-2020 жылдары жиыны 70 миллиард теңге бөлетінін жариялаған болатын.

stan.kz