Алматы облысында қарумен ұсталған бизнесменнің ісі: Полиция түсініктеме берді — Қазақстан жаңалықтары
Алматы облысында ұсталған ауыл кәсіпкеріне қатысты бірден төрт қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Көктал ауылының кәсіпкері Асылбек Әукеновты ұстау операциясының видеосы пайда болды. Тінту кезінде бизнесменнің автокөлігінен қару табылды. Алайда, күдікті бейнежазбада өзі мінген көлікке қару-жарақты қасақана салып жібергенін айтты. Сондай-ақ, Панфилов ауданының полицейлері өзінен пара талап еткенін атап өтеді.
Аталған іске қатысты Алматы облыстық ПД басшысының орынбасары Болат Тенезбаев түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде және БАҚ-та күдікті Әукеновтің ұсталған сәті қызу талқылануда. Жүргізілген барлық шаралардың мән-жайын толық білмегендіктен, халық жарияланған бейнежазба бойынша біржақты анализ жасаған. Ұстау операциясы қатаң түрде заң аясында жүргізілгеніне сендіремін. Күдікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға Панфилов ауданының полицейлері пара талап еткені туралы арызданғаннан кейін, оның көлігіне қару-жарақ қасақана тасталды деген пайымдарға негіз жоқ. Себебі күдіктіні Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері ұстады. Және бұл іске Панфилов ауданының полицейлері жұмылдырылған жоқ», — деді ол.
Сонымен қатар, Тенезбаев барлық тараптардың арыз-шағымы жан-жақты тексерілетінін атап өтті.
«Күдіктінің пара талап етті деген арызы бойынша Ұлттық бюро тексеру жүргізіп жатыр», — деді Алматы облыстық ПД басшысының орынбасары.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі көлемдегі алаяқтық бойынша ұсталған 37 жастағы А.Әукеновтің әрекеттеріне Қылмыстық кодекстің бірден 4 бабы бойынша іс қозғалған: 195-баптың 4-бөлігі, 287-баптың 3-бөлігі, 190-баптың 4-бөлігі және 389-бап.
Белгілі болғандай, осы жылдың 14 сәуірінде 42 жастағы азаматша Б.Әбілмажин күдікті А.Әукенов өзінен алдау жолымен аса ірі көлемдегі арнайы техникасын иемденіп алғанына арызданды (ҚР ҚК-нің «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк ірі залал келтіру»).
«Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, А.Әукенов Б.Әбілмажиннің жұбайын ҚХР-дан Қазақстанға қайтаруға жәрдем көрсетемін деп алаяқтық жолмен оның 11 миллион теңге көлеміндегі ақшасын иемденгені анықталды (ҚР ҚК: «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық»). Сонымен қатар, ұсталған азамат жәбірленушінің жұбайының «Toyota Land Cruser Prado» маркалы автокөлігін иемденіп алған(ҚР ҚК: «Өзiнше билiк ету»). Күдікті А.Әукенов жедел-тергеу шаралары барысында ұсталды. Сотпен санкцияланған тінту кезінде куәгерлердің қатысуымен автокөлік салонынан заңсыз сақталған қару тәркіленді (ҚР ҚК-нің «Атыс қаруын заңсыз сақтау» бабы)», — делінген полиция департаментінің ақпаратында.
Қазіргі уақытта күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Жақын арада сотқа дейінгі тергеу кезінде оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілетін болады», — деді полицияда.
stan.kz