Алматы облысында қант қызылшасы алқабының көлемі өседі

0
31

Жыл соңына қарай ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Биыл мемлекеттік қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 43 млрд теңге – субсидиялар. 15 мың шаруашылық қамтылды. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 972 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде қант қызылшасы – 16 мың, жүгері – 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты. Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз», — деді А. Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, ол үшін жалпы өңдеу қуаты жылына 1 млн 100 мың тонна Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы Елбасының және Президенттің 2019 жылғы Жолдауындағы тапсырмалары аясында облыс бойынша 138 мың гектарды қалпына келтіру жоспарлануда.

Соңғы үш жылда айналымға 39 мың гектар бұрын шығып қалған суармалы жер тартылды. Осы жылы 14 мың гектарды қалпына келтіру үшін 6,3 млрд теңгеге ирригациялық құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілуде.

«Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 процентке өсті. Мал қыстауы үшін облыс жем-шөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн тонна азық дайындалды. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жіберілді.

Барлығы 117 мал бордақылау алаңы және 84 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72%-ға, сүт зауыттары 85%-ке жетті. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құрады.

Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады», — деді әкім.