Алматы облысында полицейлер ұрланған малды иелеріне қайтарды

0

Мал иелері малының ұрланғанынан бейхабар болып шықты.

Алматы облысында тәртіп сақшылары ұрланғанынан бейхабар ауыл тұрғындарына жылқыларын қайтарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы облысының жол-патрульдік полиция қызметкерлері «Алматы-Көкпек-Көктал» автожолында ұрланған жылқы тиелген жүк көлігін ұстады.

«Жол сақшылары 16 бас жылқы тиеген «Magirus Deutz» жүк көлігін тоқтатады. Көлік жүргізушісі мен оның серігі тәртіп сақшыларына ешқандай құжат көрсете алмаған. Күдікке ілінгендер таяу маңдағы полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Тексеру барысында көлікке тиелген жылқылардың көрші Ұйғыр ауданынан ұрланғаны анықталды», — деп хабарлап отыр Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қолды болған жылқылар Үлкен Ақсу ауылының үш тұрғының жайылымдағы екені анықталды. Ұрылардың ұсталғаны туралы тәртіп сақшылары хабар бергенде, мал иелері жайылымдағы жылқыларының үйірімен бөтеннің жетегінде кеткенінен бейхабар болып шыққан. Жымысқы ойлары іске аспаған барымташылар мал иелеріне төрт жарым миллионнан астам материалдық шығын келтірген. Табылған мал заңды иелеріне қайтарылды.

«Күдіктілердің бірі – жергілікті, екіншісі — көрші Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында, күдіктілердің Жамбыл ауданындағы мал сатып алушылардан табылған жалпы саны 14 жылқы ұрлығының үш дерегіне қатысы бары анықталды», — деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.

Сонымен қатар, күдіктілер өңірдегі бірқатар мал ұрлығын жасады деген күдікке ілінгендіктен, өзге де қылмыстарға қатысы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер ұсталған екі күдіктімен қатар, ұрланған малды сатып алушыларды да қылмыстық жауапкершілікке тартуға ниетті екенін жеткізді.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz