Алматы облысында пәтер ұрлығын кәсіп еткен кезекті қылмыстық топ қолға түсті
Қаскөйлер жыл басынан бері облыс орталығында бірнеше пәтерді үптеп кеткен.
Талдықорған қаласында қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде қаладағы шағын аудандардың біріндегі жалдамалы пәтерден бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қолының сұғанағы бар азаматтар бұған дейінде ұрлық жасағандықтары үшін сотты болған.
«Қылмыстық топ құрамындағы 23-26 жастағы үш азамат та бұған дейін осындай қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Күдіктілердің тұрғылықты жерінен бұған дейін қолды болған заттар — фотоаппараттар және компьютерлік техника, сондай-ақ зергерлік бұйымдар табылды», — деп хабарлап отыр Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар қалалық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
«Ұрылар тобына ағымдағы жылы облыс орталығында орын алған бірнеше ұрлықты жасады деген күдік тағылып отыр. Қазір олардың үш пәтер ұрлығына және бір кісі тонау дерегіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Күдіктілердің осыған ұқсас сипаттағы басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде», — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Полиция қызметкерлері күдіктілердің Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерде тұрып жатқан Қаратал ауданының тұрғындары екендігін анықтады. Барлық ұрлық ұқсас әдіспен, яғни кілттерді таңдау арқылы жасалған.
Анықталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188 және 191-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz