Алматы облысында Өтеген батырға ескерткіш орнатылды

0

2018 жылғы 23 желтоқсан 16:40 551

Алматы облысында Өтеген батырға ескерткіш орнатылды


АСТАНА. ҚазАқпарат — Алматы облысында қазақ тарихында өшпес із қалдырған айтулы тұлғалардың бірі Өтеген батырға ескерткіш орнатылды. Бұл туралы Алматы облысы Іле ауданының ішкі саясат бөлімінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев, тарихшы ғалымдар, ауыл ақсақалдары және әйгілі спорт ардагері Жақсылық Үшкемпіров қатысты. Жиында Өтеген батырдың қазақ тарихында алар орны туралы деректер молынан баяндалды.

Екерткіш Алматы облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылының бұрылысында, Қапшағай тасжолының бойында орналасқан.

Алматы облысында Өтеген батырға ескерткіш орнатылдыІле аудандық ішкі саясат бөлімінен мәлім еткендей, тарихи тұлғаға ескерткіш орнату мәселесі осыған дейін аудандық мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңестің, жергілікті қоғамдастықтың бірлескен отырысында талқыланып, мақұлданған.

Мүсінде Өтеген батыр қолына кішкентай торғай ұстаған сәбиді иығына отырғызып алған. Ескерткіш авторы, мүсінші Бақытбек Мұхамеджановтың айтуынша, бұл, жаугершілік жорықтан қайтқан батырды, соғыстан кейінгі мамыражай бейбіт өмірді бейнелейді.    

Ескерткіштің биіктігі — 5,5 м, ені — 2,5 м, ұзындығы — 6,5 м, постамент — 4 м. 

Өтеген Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) — жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан батыр, қолбасшы. 1699 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өзенінің бойындағы Изенді жерінде дүниеге келген. 1773 жылы Алматы облысының Іле ауданы Шолақтау, Шеңгелді өңірінде қайтыс болған. Бабасы Сырымбет 1643 жылы Батыр Қонтайшының 50 мың әскеріне соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа түскен. Өтеген 15 жасынан жоңғарға қарсы соғысқа араласып, Жетісу мен Шығыс Қазақстан жерін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірген. Түркістан, Ташкент маңындағы шайқастарға, Аңырақай шайқасына қатысып ерлік көрсеткен. Қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді атышулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналған. Төле бидің, Абылайханның серігі болған. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді, Қабанбай, Шоқпар батырлармен тізе қосып жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат еткен.

Өтеген батыр Өтеғұлұлына Күсеп, Сүйінбай, Жамбыл, Әлмейін, Сарбас, Кенен ақындар жыр арнаған.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz