Алматы облысында оқушылар мінген автобус апатқа ұшырады: 9 бала ауруханада жатыр

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Алматыдағы лицейлердің бірінің оқушылары Тамғалы Тас шатқалына саяхаттап бара жатқан, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

АЛМАТЫ, 28 қыркүйек — Sputnik. Алматылық №134 лицейінің тоғызыншы сынып оқушылары мінген автобустың жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жыраға түсіп кеткен. Жол апаты салдарынан зардап шеккен тоғыз оқушы ауруханаға жеткізілді.

Жол апаты жөніндегі ақпарат әлеуметтік желіде тарап кетті, автобус ішінде болған оқушылардың ата-аналары үрейленіп, не болғанын білуге тырысты.

«Ата-аналар қатты шошыдық. Ешкім ештеңе білмей, зәреміз ұшты. Ата-аналардың біреуі сынып жетекшісіне әрең дегенде қоңырау шалып, жағдайды білді. Ол қорқынышты ештеңе болған жоқ деп бізді сендірді», — деді Sputnik Қазақстан тілшісіне әйелдердің бірі.

Жол апаты туралы ақпаратты Sputnik Қазақстанға Алматы облысының әкімдігі растады.

Төтенше оқиға Жамбыл ауданында болды, балалар Тамғалы Тас шатқалына саяхаттап бара жатқан, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі Ғалымұрат Жүкел.

Жүргізуші рөлге ие бола алмай, автобус жыраға түсіп кеткен. Салдарынан тоғыз оқушы жеңіл жарақат алды.

«Тоғыз бала ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында ауыр немесе орта дәрежедегі жарақат алғандар жоқ. Дей тұрғанмен, олардың бала екенін ескеріп, рентген, МРТ жасау туралы шешім қабылданды. Бұл оқушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін кез келген жағдайдың алдын алу үшін қажет», — деп хабарлады Жүкел.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта оқиға орнында Жамбыл ауданының әкімі, прокуратура өкілі, полицейлер мен жедел құтқару қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр.

Жол апатының себептері мен автобус жүргізушісінің кінәсін тергеу анықтайды.



sputniknews.kz