Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көмек көрсетілді

0

2018 жылғы 4 желтоқсан 21:04 14

Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көмек көрсетілді

АЛМАТЫ. ҚазАпарат — Алматының Өтеген батыр кентінде халықаралық мүгедектер күнін ерекше тойлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Іле ауданында жұмыспен қамтылмаған 3000-нан астам мүгедек тұрады, олардың жалғыз табыс көзі — мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыруы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу мақсатында көп жылдан бері ірі компания мен «Прогресс» полтехника колледжі оларды түрлі мамандықтарға оқытуға бағытталған бірлескен жобаны іске асырып келеді.

Бүгінде жоба аясында 30 адам тігінші, наубайшы, аспаз, массажшы, етікші, сабын қайнатушы, компьютерлік сауаттылық мамандықтарын меңгеруде. Кәсіптік оқуға қосымша ретінде шағын бизнесті дамыту мектептері де жұмыс істеп тұр.

Кәсіптік білімнің қолжетімділігі ерекше қажеттілігі бар білікті мамандардың көбеюіне кепілдік береді. Бұл, әсіресе, жұмысбастылық өзекті мәселеге айналған ауылдық жерлерде айрықша маңызды болып отыр.

«Өз тәжірибеме сүйене айта аламын, мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту кезінде олар өздерін қоғамға қажетті деп сезіне бастайды. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне әрі қаржылай тәуелсіз болуына мүмкіндік береді», — дейді «Прогресс» политехника колледжінің директоры Жанна Телпекбаева.

Жоба басталған 8 жылдан бері 240 адам оқып үлгерді. Соның барлығы не жұмысқа орналасты немесе жеке кәсібін ашты.

Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көмек көрсетілді

Бүгінде осы бағдарламаның 60 бітірушісі сауда, ойын-сауық орталықтарындағы киім және аяқкиім жөндеу дүңгіршіктеріне, Алматыдағы құлағында мүкісі бар жандарға арналған қоғамдық бірлестікке, киім және арнаулы киім тігу компаниясына жұмысқа кірген. 40 адам жеке кәсіпкер, ал 10 адам «Прогресс» колледжіндегі тігін шеберханасында жұмыс істеп жатыр, 7 адам өз үйінде pleurotus саңырауқұлағын өсірумен айналысуда.

«Айта кетейін, біз серіктестерімізбен бірге азықтық дақылдарды өсіру саласындағы ғылыми мекемелерден саңырауқұлақтарды өсіру, сақтау әдіс-тәсілдері бойынша көмек сұрадық. Қазіргі кезде 10 адам өз үйінде тапсырыс негізінде нан жауып күнелтіп отыр, 20 адам «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының оқу бағдарламасы арқылы жеке бизнесін ашу саласын меңгерді», — дейді Жанна Телпекбаева.