Алматы облысында мегаполисқа ең жақын ауыл тұрғындары ереуілге шықты (видео)
Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылы тұрғындары жолдың жоқтығына наразы. Осы мәселе бойынша аудан әкімдігіне бірнеше рет барған тұрғындар мәселенің сол күйі қараусыз қалғанын айтады. Бұл туралы KzNews.kz ақпарат агенттігіне тұрғындардың өздері хабарласты.
«Бұл халықтың жанайқайы. Бұл маңға не өрт сөндіру көлігі, не полиция, не жедел жәрдем көлігі кіре алмайды. Не деген сұмдық. Бұл жерде көлікпен емес, жаяу жүру мүмкін емес. Бесағаш ауылы Жаңақұрылыс шағынауданы Естай көшесіне тым құрығанда тас төселсе» дейді ауыл тұрғындары.
«Әр рет аудан әкіміне барған сайын ақша жоқ деп қайтарады. Сонда бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаражат қайда кетіп жатыр?» деп күйінді ауыл тұрғындары.
Ауыл тұрғындарының айтуынша Бесағаш мегаполисқа ең жақын тұрған елдімекен. «Аспан Сити» шығын ауданының қарсы орналасқан ауылдың тұрғындары ауызсуды, жарықты, газды өз қаражаттарына тартқан.
«Құрметті Президент мырза біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды көріңіз, біз басқа ештеңені емес, тек жолды сұраймыз!» деді ауыл халқы.
Бұл мәселе туралы Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысына хабарласқанымызда ол өзінің қазір жұмыстан шығып кеткенін айтты. Талғар ауданы ішкі саясат басқармасының бастығы Еркін Болатұлы: «Жол мәселесі бойынша хабарым жоқ. Ауылдық әкімшіліктен аласыз» деп қысқа қайырды.
Журналист сұрағына жауап берген Бесағаш ауылы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Баймұса ауыл тұрғындарының бұл мәселесінен хабардар екенін, жаңа қоныстанған елдімекендерге жолды бірінші тас төсеп қатаңдату үшін ауданға өтініш жібергенін айтты. Н.Баймұса бұл мәселені сәуір айындағы мәслихаттың кеңесінде көтеруге дайындап отырғанан жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан аз ғана уақыт бұрын Талғар ауданының әкімі, әкімнің орынбасары және бірнеше бөлім басшылары жемқорлық айбымен ұсталған болатын.