Алматы облысында мал ұрлығымен күрес жұмыстары күшейтілді

0

Кеген ауданы тұрғындарының 88 бас жылқысын ұрлаған қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.

Алматы облысының аумағында мал ұрлығына қарсы күрес мақсатында ауқымды іс-шара ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Арнайы іс-шара барысында тәртіп сақшылары бұған дейін қолды болған малдарды іздестіру бойынша шараларын қабылдауда. Олар мал ұрлықтарына қатысы бар «ескі істерді» зерделеуде, мал базарларын, қыстақтар мен шаруа қожалықтарын, мал сою орындарын тексеруде. Сондай-ақ, полицейлер қойған блок-посттарда мал және ет өнімдерін тасымалдаушы автокөліктер мұқият тексерілуде.

«Соңғы бір күн ішінде өңірде 6 мал ұрлығы дерегі ашылды. Оның үшеуі – бұған дейін жасалған қылмыстар. Іле, Панфилов және Сарқан аудандарында барымташылар «ұрлықтың ізі суымай» қолға түсті. Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында бұған дейін қолды болған мал ұрлығына қатысы бар күдіктілер анықталды. Жалпы алғанда, тәртіп сақшылары жыл басынан бері ұрылардың жетегінде кеткен 200-ге тарта малды тауып, заңды иелеріне қайтарған. Оның жетпістен астамы жылқылар» ,- деп хабарлап отыр Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Айта кеткен жөн, биыл полицейлер өңірде жымысқы ойларын жүзеге асырған бірнеше барымташылар тобының жолын кесті. Олар – Кеген, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында мал ұрлығын кәсіп қылғандар.

«Кеген ауданы тұрғындарының 88 бас жылқысын ұрлаған қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Тергеу барысында ұрланған малды сатып алушы Талғар ауданының 32 жастағы тұрғыны екені анықталды. Қазіргі уақытта аталған тұлғаға қатысты тергеу ісі бөлек өндіріске алынып, ол облыстық Тергеу басқармасы басшылығының қатаң бақылауында»,- деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Өңірдегі барлық автожолдарға қойылған блок-посттарда бір күн ішінде мал тасымалдаған 80 автокөлік тексерілген. 12 жүк көлігінің жүргізушілері тиісті құжаттары болмағандықтан жауапкершілікке тартылды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz