Алматы облысында күн сайын Отбасы Банкінің 10 салымшысы қоныс тойын тойлайды

0

Осы айда облыста 3,1 млрд теңгеге 240 несие берілді. Алдағы уақытта баспаналы боламын деп облыстың тағы 1 323 тұрғыны жалпы көлемі 1,9 млрд теңгеден астам сомаға жаңа депозиттер ашты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Алматы облысының тұрғындарының арасында Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жаңа қызметі – онлайн-ипотеканы бағалап үлгергендер де бар. Оның көмегімен облыстың үш тұрғыны Талдықорған қаласынан және Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылынан пәтерлер алды. Бұл туралы банк филиалының директоры Қаскелең қаласындағы жаңа бөлімшенің ашылуы барысында айтты.

– Өңірімізде күн сайын 10-12 тұрғын қоныс тойын тойлайды. Олардың барлығы Отбасы банкіндегі депозиттеріне қаражат жинап, қолжетімді шарттармен баспаналы болу үшін несие алды. Күн сайын біз 60-70 жаңа жинақ шоттарын ашамыз. Клиенттеріміздің басым бөлігіне кеңесшілеріміз арқылы немесе қашықтан бейнебанкинг арқылы қызмет көрсетеміз. Бірақ әлі де банк бөлімшесіне баруды қажет ететін азаматтар бар, дәл осы кісілердің ыңғайлығы үшін біз Қаскелеңнің орталығынан жаңа, кең филиал аштық, — деп түсіндірді Отбасы Банк Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев.

Жаңа филиал Қаскелең қаласы, Төле би көшесі 50/1 мекенжайында орналасқан. Онда клиенттер депозит ашу, салым шарттарын өзгерту, депозитті тағайындау немесе біріктіру, төлем қабілеттілігін алдын ала бағалату және несие алуға өтініш беру сияқты барлық банк қызметтері мен өнімдері бойынша кеңес ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, Баспана Маркет порталында (otbasybank.kz) онлайн ипотека арқылы тұрғын үй сатып алуға болады. Жуырда ғана ашылған жаңа қызметті 10-ға жуық қазақстандық пайдаланып, жалпы сомасы 176 млн теңгеге сауда-саттық келісімдері жүргізілді.

Осылайша маркетплейс көмегімен Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Алматы облысының тұрғындары онлайн ипотека рәсімдеп, қоныс тойларын қатар-қатар атап өтті.