Алматы облысында кәсіпкер театрға көлік сыйлады

0

Б.Мұқай атындағы Райымбек аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері үлкен қуанышқа бөленді. Атап айтқанда, ауданымыздың төл перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, республика көлеміне белгілі кәсіпкер Серік Сұлтанғалиұлы өнерпаз ұжымға 14 орынды су жаңа «ГАЗель» автокөлігін сыйға тартты.

Әрине, өнер халықтың ортасында орындалуымен құнды. Оның бағасын беретін де халық, қалың көрермен. Ал халықтың ортасына жиі барып, өнермен сусындатуға осы орайда меншікті бір көліктің жоқтығы қолбайлау болып келгені де жасырын емес. Міне, енді сол кемшіліктің орны толды. Өнер ұжымының ел-жерді аралап, емін-еркін жұмыс істеуіне кеңінен жол ашылды.

Біздің театрымыз да, «голливудымыз» да, теледидарымыз да осы театр болған. Үлкен өмірге қадам басуда тәрбие беруге үлес қосқан театр мен үшін әрқашанда ыстық. Осы ауданның тумасы, бүгінде сахна саңлағына айналып отырған Асқар Наймантаев бауырым, «Нарынқолдан халық театры ашылды» деп сүйінші сұрағанда қуанышымда шек болған жоқ. Қайта ашылған театрдың «байғазысы» болсын деп автокөлік алып келген жайым еді бұл. Көліктеріңіз құтты болсын! Осы көлікпен қиналмай, ел-жерді аралап, халықты өрнекті өнерлеріңізбен сусындата беріңіздер, – деген Серік Сұлтанғалиев автокөліктің кілтін Мәдениет үйінің директоры Еркін Рақымжановқа салтанатты түрде табыстады.

Автокөлік сыйлау салтанатында аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов сөйлеп, кәсіпкер жерлесіміздің бұл сыйлығы театрға ғана емес, ауданға көрсетілген құрмет деп қабылдайтынын, қашық жерде тұрып жатса да ауданның жай-күйін есінде ұстап жүрген Серіктей абзал азаматқа айтар алғысы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қайнарбек Әшімбаев, Серік Сүйіндік сияқты мәдениет қызметкерлері сөз алып, өздеріне қолдау көрсетуді мият тұтқан «атымтай жомарт» ағаларына ризашылықтарын білдірді.