Алматы облысында кадрлық ауыс-түйіс болды

0
18

Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Манзоровтың орнына Серік Тұрдалиев тағайындалды. Сондай-ақ, облыс әкімі өңір активіне аппарат жетекшісін таныстырды

ТАЛДЫҚОРҒАН, 2 наурыз — Sputnik. Алматы облысының басшысы Амандық Баталов өңір активіне жаңа орынбасары мен аппарат жетекшісін таныстырды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары болып Серік Тұрдалиев тағайындалды. Ал облыс әкімі аппараты жетекшісі Төлеген Сәрсембаев болды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Серік Тұрдалиев тағайындалды. Ол біздің облыста бұған дейін де жұмыс істеген», – деді Баталов.

Оның айтуынша, сол кезде де өзінің іскерлігін көрсетіп, кәсіпкерлік саласында бірқатар жобалардың сәтті жүзеге асырылуына ықпал еткен.

«Облыс әкімі аппаратының басшысы етіп Төлеген Сәрсембаевты тағайындадым. Ол да – тәжірибесі мол, іскер азамат. Екеуінің де жаңа қызметтері жемісті болсын, Жетісу жерінің игілігіне қызмет ете берулеріне тілектеспін», -деді өңір басшысы.

Өз кезегінде жаңа жұмысқа кіріскен шенеуніктер Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуына бар күш-жігерін жұмсайтындарын айтып, сенім білдіргені үшін облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

Манзоров ісі

Бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болған Бағдат Манзоров лауазымын пайдаланып, аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін күдікке ілінген болаты. Ол тергеу изоляторына қамалды. Алайда кейін үйқамаққа алынды.

28 қазан күні Манзоровқа тағылған айып алынып, ол қайта жұмысқа шықты.10 ақпан күні ол өз еркімен қызметінен кетті.



sputniknews.kz