Алматы облысында итті көлікке байлап сүйреген адамдар видеоға түсті

0

Қазнетте көлікке байланған итті сүйреп жүрген адамдардың видеосы тарады.

Оқиға Алматы облысы Есік қаласында болған. Желі қолданушылары да, жергілікті тұрғындар да бұл қатыгездікті қатаң сынға алды. Жауапкершілікке тартуды сұрады.

“Осындайларды барынша жазалау қажет. Жануарларды қорғау туралы заңды күшейту керек”, – делінген пікірлердің бірінде.

Әлеуметтік желілерде резонанс тудырған видеоға қатысты полицияда түсініктеме берді. Тәртіп сақшылары жүргізушінің ұсталғанын хабарлады. Олар материалды зерттеп жатқанын  және күдіктінің іс-әрекетін саралауға асықпайтынын мәлімдеді.

Полиция мәліметінше, Audi жүргізушісі Еңбекшіқазақ ауданының 65 жастағы тұрғыны болып шықты.

“Жүргізуші анықталды. Және осы факт бойынша міндетті тексеру шаралары жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша оның іс-әрекетіне заңды баға беріледі”, – деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Бұл ретте күдіктіге Қазақстан қылмыстық заңының 316-бабы (Жануарларға қатыгездік) бойынша ірі көлемде айыппұл, түзеу жұмыстары немесе елу тәулікке қамауға алу жазасы қаупі төніп тұр.