Алматы облысында ауыл шарушылығы дамып келеді
Жалпы, Елбасы атап өткен агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының негізгі драйверіне айналды. Оның бір мысалын Алматы облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі тұтас ел бойынша өндірілген өнімнің 17 процентін құрағанынан анық байқауға болады. Қазір жетісулық аграрлар егістікті әртараптандырудың арқасында қант қызылшасының алқабын 2000 гектарға, жүгері егістігін 1453 гектарға, жем-шөп дақылдарын 1215 гектарға және көкөніс өсіруді 707 гектарға ұлғайтты. Мұнан бөлек, ежелден алманың Отаны атанған өңірде бау-бақша егістігінің көлемі де артты. Бір ғана алма бақтарының алқабы 2,4 мың га ұлғайып, өткен жылы өңірде 65 000 тонна алма жиналған екен. Сондай-ақ, аймақтың жүгері өсіретін шаруашылықтары да өткен жылы рекордтық өнім алды. Мәселен, Панфилов ауданының жүгері алқаптарында гектарына 120 центнерге дейін өнім жиналған. Бұл жалпы облыстағы көрсеткіштен 2 есеге артық екен.
Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысындағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына қатысты айта келе «Соңғы 5 жыл аралығында аймақта қант қызылшасының егістігі 10 есеге көбейді» деген еді. Яғни, өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі үлес осы тәтті түбір өсірушілер мен қант өндірісіне бұйырып тұрғанын айтуымыз керек. Нақты дерекке жүгінсек, өткен жылы облыс шаруалары 11200 гектарға тәтті түбір тұқымын сеуіп, одан 440 мың тонна қант қызылшасын жинады. Бұл арғы жылмен салыстырған 32 процентке артық. Ал, облыс бойынша жиналған қант қызылшасының орташа өнімділік көрсеткіші 400 центнерден айналды. Ал жекелеген шаруа қожалықтарындағы түсім көрсеткіші Кеңес одағы кезіндегі рекордтық көрсеткіштен де асып түсіп, 800 центнерге дейін жеткен.
Әрине, тәтті түбір танаптарының жыл сайын көбеюі аймақтағы өңдеу өндірісіне де жан бітірді. Бұған дейін облыста жалғыз ғана қант зауыты жұмыс істеген болса, өткен жылы тағы бір өндіріс іске қосылды. Яғни, Көксу қант зауытының мүмкіндігі шаралардың қарқынына төтеп бере алмай, ширек ғасырға жуық жұмыс істемей тұрған Ақсу қант зауытының жедел жаңғыртылып, іске қосылуына ұласты. Нәтижесінде, облыста биыл 40 000 тоннадас астам таза қант өнімі шығарылды. Ал, Жетісу тұрғындарының тәттіге сұранысы 30 000 тонна шамасында екен. Демек, өңірдің қант зауыттары ішкі нарықты толық қамтып, енді бүкіл елге таза табиғи өнім түрін ұсына бастады деп сеніммен айтуға болады. Демек, табыс жолы жалғаса бермек. Оған негіз де бар. Үкіметтің жалпы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сауалына орай «Келешекте тағы екі қант зауыты, Қарабұлақ, Алакөл қант зауыттарын іске қосу жоспарланып отыр. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде» деген болатын облыс әкімі Амандық Баталов. Ендігі бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алды.
— Жуырда Елбасы Үкіметтің кеңейтілген кеңесін өткізіп, аймақтардың дамуына ерекше назар аударып, міндеттер жүктеді. Соған сәйкес облыстың экономикалық даму мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуіміз қажет. Көксу мен Ақсу қант зауыттарын іске қостық. Олар жиналған өнімді қазірге дейін өңдеп жатыр. Ертең ирригациялық жүйелер қалпына келтіріп, суармалы жерлердің көлемі артқан кезде, қант қызылшасы тағы да алқабы ұлғаяды, сонда бұл екі зауыттың қуаттылығы бізге аздық ете бастайды. Сол үшін алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қайта жаңғыртсақ, одан басқа тағы бір қант зауытын салсақ деген жоспарымыз бар. Елбасы импортты азайтып, экспортты ұлғайту туралы тапсырма берді. Жетісу шаруалары бұл үдеден шығып, экономиканың гүлденуіне үлес қоса береді, — дейді аймақ басшысы Амандық Баталов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/