Алматы облысында ауыл әкімі өртеніп жатқан үйден газ баллонын алып шықты

0

Таңертеңгі сағат 07:50 шамасында Қонаев қаласына жақын орналасқан Шеңгелді ауылдық округіндегі үйлердің бірінен өрт шықты, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрттен шыққан түтінді сол сәтте қасынан өтіп бара жатқан ауыл әкімі Мақсат Жазиев байқап қалып, бірден өртеніп жатқан үйге барған.

«Үй жанында тоқтадым. Сол кезде Mazda көлігі дәл қасыма тоқтады. Осы кезде үй иесі әйелі мен балаларын терезеден алып шыққан. Ойлануға уақыт болмады. Жақын жерде болған бір адаммен бірге біз үйден газ баллонын шығардық. Олар өрт сөндірушілерді күтіп тұрғанда үйдің төбесіне шығып, шлангтан су құйып, отты ұстап тұрдық», — деді Мақсат Жазиев.

Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына 86621 әскери бөлімінің өрт сөндіру бөлімі шұғыл жеткен. Өрт толығымен сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Үйді қалпына келтіруге әкімдік қолдау көрсетеді.