Алматы облысында әкім тергеуге алынды

0
4

 Экс-әкім үш жыл бұрын жер учаскелерін заңсыз сатып, ол ақшаға мейрамхана мен дәмхана салған. Сөйтіп, ақшаны заңдастыруға тырысқан

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бір аптада қозғалған қылмыстық істер бойынша есеп берді. Жеті күннің ішінде бірнеше шенеунік пара алды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақовтың айтуынша, Қостанай облысында Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол өз қызметкерлеріне ауыл ішіндегі жолдарды қардан тазалау бойынша жалған актілер жасатқан.

«Ал Алматы облысында Талғар ауданына қарасты Бесқайнар ауылдық округінің әкіміне қатысты қылмыстық іс тіркелді. Ол лауазымын асыра пайдаланып, Іле-Алатау ұлттық паркінің жер учаскелерін заңсыз таратқаны үшін айыпталып отыр», – деді аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақов бүгінгі онлайн брифингте.

Бұдан бөлек, Талғар ауданының Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкіміне қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Экс-әкім үш жыл бұрын жер учаскелерін заңсыз сатып, ол ақшаға мейрамхана мен дәмхана салған. Сөйтіп, ақшаны заңдастыруға тырысқан.

«Сондай-ақ, Алматы облысында Еңбекшіқазақ аудандық жұмыспен қамту орталығының басшыларына айып тағылды. Олар жұмыссыз адамдарға кәсіп тауып бердік деп, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқырған деген күдік бар. Сөйтіп, 2017-2018 жылдары шаруа қожалықтарының есепшоттарына ақша аудару арқылы 12,9 миллион теңгені қолды қылған», – деп атап көрсетті Жақыпов.



sputniknews.kz