Алматы облысында агроөндіріс өрісті кеңейіп жатыр

0

Алматы облысында 732 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде халық саны 1,5 миллион адамды құрайтын даму әлеуеті жоғары 457 (151 тірек, 306 спутниктік) елді мекен бар.

2019-2020 жылдары халық саны 264 мың адам (21 тірек, 4 спутниктік) болатын облыстың 25 елді мекенінде 75 жоба іске асырылды.

Соның нәтижесінде күніне 360 адам қатысатын 2 спорт нысаны салынды, 17 білім беру нысаны, 3 денсаулық сақтау нысаны, 2 мәдениет нысаны жөнделді. Сондай-ақ 23 км сумен жабдықтау және су бұру, 70 км кентішілік электрмен жабдықтау желілері, 138 км кентішілік жолдар жөнделді, 4,4 км жылу желілері салынды және 6 елді мекеннің балалар, ойын алаңдары, саябақтар, скверлер, тротуарлар мен арық желілері абаттандырылды.

Биыл Алматы облысының 40 ауылдық елді мекенінде (24 тірек, 16 спутниктік) 55 жобаны іске асыру жоспарланған. 10 білім беру нысаны, 3 спорт нысаны, 8 мәдениет нысаны, 3 денсаулық сақтау, 20 тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық нысандары, сондай-ақ жолдарды жөндеу (19 жоба) сияқты жұмыстар жүргізіледі.

Облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1500 орындық мектептерге қосымша 3 құрылыс, 5 мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.

Сонымен бірге 7 мектепте, 2 ауруханада, 4 мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ 124 шақырым ауылішілік жол, 59 шақырым сумен жабдықтау желілері, 118 шақырым электрмен жабдықтау желілері жөнделеді.

337,5 км газ тарату желісін салу жоспарлануда. Айта кетейік, қазіргі уақытта 4 жоба аяқталды, 51 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, 25 қазандағы жағдай бойынша 6,2 млрд теңге немесе жылдық жоспардың 34% игерілді.

Бұдан басқа, 2022 жылға 72 ауылдық елді мекенді қамтумен 21,7 млрд теңге сомасына жобалар тізбесі әзірленді.

Ауыл шаруашылығы саласы қай елдің де болмасын экономикалық дамуының, тәуелсіздігінің және тұрақтылығының негізгі тірегі. Осыдан да болар біздің елімізде де, егемендік алғаннан Елбасының көңіл бөлуінің арқасында ауыл шаруашылығы саласын реформалау іс-шаралары қарқынды атқарылып, мемлекет тарапынан ерекше қолдаулар мен көмектер ауқымы да артып келеді.

Бүгінде осындай қолдаулардың нәтижесінде еліміздің ауылшаруашылығы экономиканың негізгі драйверіне айналып отыр. Оған көз жеткізу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Жыл санап өрісі кеңейген, тынысы ашылып, халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған Қаратал ауданының ауылшаруашылығындағы өрелі істерге көз жүгіртсек жеткілікті. Үстіміздегі жылдың 5 айында ауданның ауылшаруашылығы мамандары 4 млрд. 358,6 млн. теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде мал шаруашылығынан 4 млрд. теңге табыс түссе, диқандар 324,6 млн. теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш былтырғы осы уақпен салыстырғанда өнім өндіру көлемі 104,4 пайызға өскенін аңғартады. Ауылшаруашылығының іргесін кеңейтіп, тамырына қан жүгіртетін жайт – инвестиция. Биылғы бес айда аудан шаруаларына 431 млн. теңге инвестиция құйылған.

Қаратал ауданының ауылшаруашылық жер көлемі 380,38 мың гектар. Оның 352,4 мың гектары жайылымдық, 1188 гектары шабындық жер. Аудан диқандары 21,6 гектар жерге сауармалы егін орналастырған. Қаратал өзенінің етегіндегі ағайынның диқандары мол өнімді егін егудің осы түрінен алмақ. Ал 42 гектарға көп жылдық екпе отырғызылған. Қаратал ауданында себілген дәнді дақылдардың басым бөлігін арпа, жүгері, күріш және майбұршақ құрайды. Биыл диқандар 3134 гектарға майбұршақ, 2544 гектарға арпа дақылын ексе, 1780 гектарда бүгінде жүгері жайқалып тұр. Ал 1746 гектарға себілген күріш дақылы биыл елдің көсегесін көгертеді. Қалай дегенмен көктемгі еңбек бір жылға азық болады. Мұнан бөлек қараталдық диқандар 40 гектарға былтыр күздік бидай сеуіп, биыл өнімін алады.

Сондай-ақ, 788 гектар жаздық бидайдың да шығымы жаман болмайын деп тұр. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан диқандар маңдай тер мен қажырлы еңбектің нәтижесінде елдің ырысын тасытады. Мұнан бөлек ауылдағы шаруалар 225 гектарға күнбағыс, 400 гектарға мақсары орналастырған. Олардың да шығымы жаман емес. Биыл жыл басынан азық-түлік бағасында едәуір өсім байқалды. Бағасы шарықтай түскен өнімдердің қатарында бақша өнімдері бар. Әсіресе, картоп пен сәбіздің құны әбден аспандап алды. Қаратал ауданының шаруалары биыл 1120 гектарға картоп өнімін екті. Олардың сөзінше, шығым жаман емес, өнім молынан болғалы тұр. Өнім көп болса бағаның төмендейтіні бесенеден белгілі. Одан бөлек ауылдағы ағайын 1754 гектарға көкөніс, 505 гектарға бақша дақылын отырғызды.

Күзде диқандар аудан тұрғындарының бақша және көкөніске сұранысын толық қанағаттандырады. Алматы облысының ең қажетті өнімінің бірі – қант қызылшасы. Белгілісі Жетісу жерінде бірнеше қант өндіру зауыты бар. Бұл зауыттар тек облыстың емес, тұтас Қазақстанның сұранысын қанағаттандыруға қарекет етіп жатыр.