Алматы облысында 7 баланың анасына ауылдастары асарлатып үй алып берді (видео)
Алматы облысы Нұра ауылының тұрғындары көпбалалы отбасыға асарлатып жаңа үй алып берді. Отбасының ескі үйі толықтай өртеніп кеткен болатын деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Бүтін бір отбасының далада қалуына себепші болған өрт электр желісіндегі ақаудың салдарынан туындаған. Жеті баланың анасы Махаббат өрт болған түні күйеуі жұмыста болғанын айтады. Өртті алғашқы болып жеті жасар қызы байқаған екен. Ол лезде үйдегілерді оятып, бәрі сыртқа шығып үлгерген.
«Балаларымды ұстап, далаға жүгіріп шықтым. Балаларды көршілерде қалдырып, көрші-қолаңмен өртті сөндіруге шықтық. Алайда өртті тоқтату мүмкін болмады. Үй толықтай өртеніп кетті. Балаларым аман қалғанына Аллаға шүкір», — дейді жеті баланың анасы Махаббат.
Ауылдастары көпбалалы отбасыға киім мен ас-суын жағынан көмектесіп қана қоймай үй алып беру туралы шешімге келген.
Сөйтіп қаражат жиналып, Нұра ауылының 3 мыңнан астам тұрғыны мен кәсіпкердің арқасында отбасы үйлі болған.
«Жергілікті тұрғындар бір миллион теңге жинады. Одан бөлек, алматылық бизнесмен Біләл Ушуровтың көмегі зор болды. Ол 3,5 миллион теңге берді. Бұл қаражатқа Әбдірахмановтар отбасына үй сатып алдық», — дейді мектеп директоры Ысқақ Салманов.
Көпбалалы отбасы жаңа үйді сыйға тартқан адамдарға алғысын жаудырды. Олар қиындық артта қалып, үйлі болғандарына сене алмай отырғандарын жасырмады.
Айта кетейік, бұған дейін үйі өртеніп, алты баламен далада қалған алматылық әйел көпшіліктің көмегіне мұқтаж екенін хабарлаған едік.