Алматы облысында 433 миллионға салынған мектеп қирап жатыр (фото)

0
1015
Сурет: azattyq-ruhy.kz

Алматы облысында бюджеттің 433 миллион теңгесіне салынған жаңа мектеп қирап қалды. Жаңа нысанды ұзақ жыл күткен ауыл тұрғындары оны небәрі 4 жыл ғана қолданып үлгерген. Облыстағы басшылар сапасыз салынған мектепке жауаптыларды әлі күнге анықтай алмай, әрі мәселенің шешімін де таба алмай отыр, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz сайты.

Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы жаңа ғимараттың көлемі 2338,4 шаршы метр. Ғимаратта жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған асхана, 100 балаға арналған бастауыш сыныптың кабинеттері, спорт зал және мектепке дейінгі шағын орталық орналасқан. Алайда, қазір іргетасы шөгіп, қабырғалары бөлініп, есік-терезелері қисайып, едені опырылып қалған. Ғимаратқа кіру қорқынышты. Мемлекеттің ақшасына алынған жиһаз, оқу-әдістемелік заттар, кішкентайларға қажетті өзге де дүниелердің астаң-кестеңі шығып жатыр.

ЖАРЫЛҒАН ҚАБЫРҒА, ШІРІГЕН ЕДЕН, ТЕСІЛГЕН ШАТЫР

«Қолданысқа берілген сәттен бастап қабырғалар жарыла бастады. Біз қабырға мен іргетасының арасындағы ашық қуысқа тас тығып, сыртын цементпен сылап, жөндеу жұмыстарын өзіміз істеп келдік. Дәретхана, асхана, кішкентай балалар ұйықтайтын бөлмелер мен сабақ оқитын кабинеттердің бәрі құлайын деп тұр. Едендерді көрдіңіз бе, қыстан кейін бүлінген жол секілді ирелеңдеп, ойнап кеткен. Осы күйінде былтыр карантинге жабылғанға дейін балаларды оқытып, мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істеп тұрды», – деді мектептің Өрік есімді қызметкері.

Қаратал ауылы облыс орталығы Талдықорған қаласынан небәрі 40 шақырымдай ғана қашықтықта жатыр. Ауылда үш мыңдай адам өмір сүреді. Мектептің апаттық жағдайға түсуі күнгейде күйбің тірлік кешіп жатқан халықтың көңілін мүлдем басып тастаған.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң ғимаратты 15 адамнан тұратын комиссия қабылдап алған. Қол қойып, мектептен мін таппаған адамдардың арасында Ескелді ауданы әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысы, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі, төтенше жағдайлар қызметінің өкілі, білім бөлімі сынды әр саланың өкілдері болған. Жағдай жылдам өзгергенде әлгі бастықтардың бәрі құзырлы органдарға түсініктеме жаузмен ғана құтылған.

«Қаратал орта мектебі 1963 жылы салынған, 320 оқушыға есептелген. 2014 жылы 25 орындық мектепке дейінгі шағын-орталығы мен 100 орындық бастауыш мектептің ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Тапсырыс беруші: «Ескелді ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Құрылысты «ПроЭксГрупп» ЖШС салған, бас директоры М.М.Малғажаров. Желдетуді дұрыс орнатпауы салдарынан 2018 жылдан бастап спорт залының тақтай едені шіри бастады. 2019-2020 жылдар аралығында топырақтың отыруы нәтижесінде ғимараттың қабырғаларында жарықтар пайда болды», – деп хабарлады Алматы облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

ҚАРАТАЛДА 40 БАЛА БАЛАБАҚШАНЫ ТОСЫП ЖҮР

Жергілікті билік жағдайды осылай баяндаудан ары аса алмай отыр. Бюджеттің 433 миллион теңгесін тендер арықылы ұтқан бас мердігер Алматы қаласынан барған. Кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен ол жауапкершіліктен бас тартқан.

Мектеп қызметкерлерінің сөзінше, шағын орталыққа 40 бала келіп жүрген. Қазір олар үйде отыруға мәжбүр. Аталған жағдайға байланысты арнайы комиссия да құрылған. 2018 жылы прокуратура қылмыстық іс қозғағанмен, одан бері 4 жыл өтсе де, ешқандай нәтиже шықпаған. Қазіргі уақытта «Алматы облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі ғимаратты қайта жөндеу үшін тағы да құжат дайындап жатыр.

«Мектеп облыстық бюджеттен «білім нысандарын дамыту бағдарламасы» бойынша салынған. Оған 433 376 540 теңге жұмсалған. Мектеп қазір қолдануға жарамсыз. Оны аудандағылар да, облыс басшылары да біледі. Полиция, прокуратура, әкімдік, өзге де бөлімдердің мамандары барған. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Қаратал ауылында 2 830 адам тұрады. Мектепке дейінгі шағын орталықтың балалары қазір үйде, қызмектерлеріне үстеме ақы төленбейді, негізгі айлықтарын алып келеді. Шағын орталықта 8 адам жұмыс істеген. Бастауыш сыныптың оқушылары шаттық режимде сабаққа барып жүр», – деді Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Алима Нүсіпова.

БИЛІК 4 ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ САРАПТАМА ЖАСАМАҒАН

433 миллион теңгеге салынған мектептің қирау себебін нақты ешкім «білмейді». Өйткені, арада 4 жыл өтсе де ешқандай сараптама жүргізілмеген. Облыс әкімдігі халық қазынасынан жүздеген миллион теңгені тендер арқылы бөле салған. Енді апаттық жағдайдағы ғимаратқа техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті небәрі 2 млн 600 мың теңгені бөлмей отыр.

Республикада бастауыш сыныптың оқушылары бірнеше айдан бері мектепте дәстүрлі білім алып жатса, қараталдық 193 оқушы дәстүрлі оқу жүйесіне үшінші тоқсанның ортасынан бастап көшпек. Жаңа салынған ғимарат қирап қалған соң, билік екі қабатты, небәрі 320 оқушыға арналған ескі мектепті жөндеуге тағы 437 миллион теңгенің тендерін өткізген. 60 жылға жуықтаған ескі ғимаратта 450 бала білім алып келеді. Оқушылар қашықтықтан білім алып жатқан сәтте «GoldenCityDS» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.

«Осы мектепте 10 жылдан бері директормын. 1-5 сыныптың оқушылары бүгінен бастап ескі мектекте оқып жатыр. Бастауышта 193 оқушы бар. 6, 7, 8 және 10-сыныптар қашықтықтан білім алып жатыр. Қираған мектеп бойынша құжаттар сотқа жіберілді деп естідім. Осы ғимаратты салған компанияның басшылары келген, іс солардың үстінен қозғалды ма, ол жағын мен нақты білмеймін. Мектептің орны бұрын бау-бақша болған. Сол жердің топырағын дұрыс зерттемеген, жұмысты дұрыс жоспарламаған шығар. Спорт залдың еденін дұрыс салмаған шығар. Құрылысшы болмағандықтан нақты білмеймін. Даярлық мектебіндегі – 43, шағын орталықтағы 40 баланы қосқанда барлығы 450 оқушы бар. Балалар бұған дейін оқымады, бүгіннен бастап мектепке келіп жатыр. Ескі ғимараттағы акт залын дене шынықтыру пәнін өткізетін залға айналдырдық. Балалар үш жылдан бері спорт залына кіре алмады. Мектеп облыстың бұрынғы әкімі Аңсар Мұсахановтың тұсында салынды, бірақ ашылу салтанатына әкім келмеді», – деді Қаратал ауылдық мектебінің директоры Ғалия Мақыпбекова.

Қабырғасы қақырап тұрған мектепке Қазақ құрылыс және сәулет ғылым-зерттеу, жобалау институты да өз болжамын жасаған. Ауданық білім бөлімі облыстағы басшыларына сейсмикалық күйшейтудің қаншалықты қажет екенін анықтап, мәселені шешіп беруді сұранғанмен, бастығы жуырда жемқорлықпен ұсталған білім басқармасы үнсіз.

«Мектепте барлығы 59 мұғалім жұмыс істейді. Соңғы жылдары мектептің қабырғалары мен төбелері де құлай бастады. Карантинге байланысты сабақтар өткізілмеді. 15 қаңтардан бастап 49 оқушы тұрақты режимде оқиды. Сабақ бағдарламасы күрделі жөндеу жүргізілген бас оқу ғимаратында өтеді. 2020 жылдың маусым-желтоқсан айларында мектептің негізгі оқу ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 436 919 773,25 теңге жұмсалды. Мектепті жаңарту «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілді», – деді аудан әкімінің баспасөз қызметі.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ БӨЛІНГЕН АҚША «ҰРЛАНДЫ» ДЕП САНАЙДЫ

Ауыл халқы жаңа мектепті 25 жыл күткен. Алайда, оқушылар мен мұғалімдердің қуанышы қысқа болды. Қаңырап тұрған мектепті көрген ауыл адамдары күрсініп, билікке деген ренішін жасырмайды. Олардың пікірінше, бөлінген ақша «ұрланғандықтан», мектеп осылай сапасыз салынған. Тіпті, ауыл адамдары жуырда ғана күрделі жөндеу жүргізілген ескі мектептің сапасына да күмәнмен қарайды.

«Жоғарыдан басшылар келіп, халық ашылу салтанатына қатысқан едік. Сырты бүтін, іші түтін боп тұрған түрі мынау енді. Құлап жатыр. Ақшаны бірігіп жеп қойды. Бұны көрген соң билікке қалай сенеміз? Іргетасы отырған ғимаратты қалай жөндейді?» – деді балаларын Қаратал мектебінде оқытқан Өмірбек есімді тұрғын.

Желге ұшқан 433 миллион теңгеге кінәлілерді анықтап, мектеп мәселенін шешу үшін облыстағылардың тағы қанша қаражатты шығындайтыны белгісіз.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы