Алматы облысында 225 мың адам Pfizer вакцинасымен қамтылады

0
35

Алматы облысында 22 қарашадан ревакцинациялау курсы бастау алды. Бүгінгі күнге 333 адам үшінші рет екпе салдырды. Олардың 274-і медицина қызметкері болса, 7-еуі мұғалім. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Вирусқа қарсы имундық жүйені күшейтуге арналған ревакцинациялаудан алғашқылардың бірі болып, медицина мамандары, ұстаздар мен қарулы күштер қызметкерлері және 60 жастан жоғары тұлғалар өтеді.

«Аталған вакциналаудың екінші кезеңі 2022 жылдың қаңтар айында басталады. Бұл кезде, алғашқы вирусқа қарсы вакцинаның екі кезеңінен толық өткен облыстың барлық тұрғындары өз еріктерімен ревакциналаудан өтуіне мүмкіндік алады», — деді эпидемиолог-дәрігер Рандир Сахариев.

ДДҰ-ның кеңесіне сүйенсек, «Спутник V» вакцинасын қабылданғандар үшінші рет егілген жағдайда «QazVac» және «CoronaVac» екпелерін тоғыз ай өткеннен кейін салдырғаны абзал.

3 желтоқсандағы ресми мәліметтер өңірде 3046 жасөспірім, 520 лактация кезеңіндегі әйел мен 136 жүкті келіншектің Pfizer екпесінің алғашқы бөлігін қабылдағанын көрсетіп отыр.

Дегенмен аймақта әлі күнге коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн. Қазіргі таңда екпенің бірінші бөлігін 859 481 адам, екінші компонентін 790 352 тұрғын салдырған.

«Алматы облысында коронавирусқа қарсы вакцинаны салуға арналған 318 егу пункті жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ, 76 жылжымалы егу пункті бар», — дейді Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахмет.

Еске сала кетсек, Алматы облысында барлығы 57 365 коронавирусқа шалдыққан науқас тіркелді, оның ішінде 42877 адамнан КВИ белгілері анықталып, 56 647 адам емделіп шықты. Ал өткен тәулікте облыста 38 адамнан коронавирус анықталды.