Алматы облысы: дәрігерлер жүкті әйелге ота жасаймыз деп асқазанын зақымдап, 3 қабырғасын сындырып жіберген

0

Алматы облысында дәрігерлердің қателігінен көз жұмған әйелдің отбасы әлі күнге дейін шындыққа қол жеткізе алмай жатқанын айтып, көмек сұрайды. Перзентханаға босану үшін өз аяғымен барған Дилмира Мақсутова ота жасалған соң, қайтыс болған. Артында 5 бірдей бүлдіршін қалды.

 

Бұл туралы “Еуразия бірінші арнасы” хабарлайды.

«Сұрағанда қиналам. Бірақ қиналғанмен шындықты айту керек. Мамаң ұшып кетті аспанда жүреді деп айтамыз», – дейді марқұмның күйеуі.

5 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Бахар ауылының тұрғыны Радулин Самиев былтыр қазан айында толғағы жеткен жұбайын перзентханаға өз аяғымен апарғанын айтады. Алайда, аман босанған 33 жастағы әйелдің жатырынан аяқасты қан кетіп, дәрігерлер ота жасаған.

«Мен кіріп көрсем, әйелімде жан жоқ. Жаны шығып кеткен сағат 5-терде. Қолын, бетін ұстасам, барлық жері қатып қалған мұз боп. Аяғын ұстайын десем беліне дейін грелкаларды тізіп тастаған қайнақ сумен құйып. Мынау қайтыс боп кетті ғой, не істеп жатырсыңдар деп айтсам: “Жоқ, сен олай деп айтпа, ол тірі”, – деп айтты», – дейді Радулин Самиев.

Марқұмның туғандары ота жасаған дәрігердің 40 минутқа кешігіп келгенін айтады. Сол аралықта оның көмекшілері Дилмира Мақсутованың ішін кесіп, жатырын ашқан. 3 сағатқа созылған операцияда дәрігерлер оның асқазанын зақымдап, жүрегіне массаж жасағанда 3 қабырғасын сындырып алған.

Дәрігерлердің салғырттығынан арты адам өлімімен аяқталған істен соң, аталған ауруханада өзгеріс те болмаған сияқты.

«Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан және біздің орталық аурухананың тарапынан әкімшілік шаралар қолданылды. Дәрігерлер оқуға жіберілді, осыған қатысы бар гинекологымыз өз еркімен жанұя жағдайына байланысты жұмыстан шықты», – дейді Ұйғыр аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Анвар Рашитов.

Қазір марқұмның туғандары сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталса оған қатысы бар барлық тұлғаны міндетті түрде жауапқа тартпақ.

Источник: Stan.kz