Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметінен кетті

0

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметінен кетті. Бұл туралы Азаттыққа облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін аппараттық жиын барысында Алматы облысы әкімі Амандық Баталов сөз алып, Мәнізоров мырзаның жұмыс істеген жеті айдағы жұмысын қортындылап, өз еркімен жұмыстан кетіп жатқанын хабарлады. Бағдат Сайланбайұлы негізгі үш бағытта жұмыс істеді, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және туризм. Осы салаларда біршама жұмыс атқарып, қызметіне оң бағасын берген облыс әкімі, алдағы уақытта да сәттілік тіледі, – деді әкімдік баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі, Мәнізоровтың қызметінен «өз еркімен кетті, ештеңемен байланыстырудың қажеті» жоқ деп атап өтті.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтің «Алаяқтық» бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. 28 қазанда Мәнізоровқа тағылған айыптың алынғаны белгілі болды.

Бас прокуратура «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан» Мәнізоровтың ісі тоқтатылғанын хабарлады. Кейінірек жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бас прокуратура шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, шағым түсірген. Бірақ бас прокуратура шағымды қанағаттандырмады. Өткен аптада жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген шенеунік өзіне жала жапқанын айтты.

Ал жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында ешқандай «тапсырыс» болмағанын жеткізді.

Бұған дейін жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің «күмәнді әрекеті» жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтің «жемқорлыққа» еш қатысы жоғын жеткізген.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды. Жергілікті БАҚ-тың болжауынша, оған тағылған айып сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған кездегі қызметімен байланысты болуы мүмкін.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз