Алматы облыстық ТЖД қызметкері моншада мас күйінде төбелес шығарды — новости Казахстана
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ұйғыр ауданы Шоңжы ауылындағы қоғамдық моншада мас күйінде төбелес шығарған. Бұл туралы «Экспресс-К» басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Моншаға қатты мас күйінде келген капитан Мақсат Мұратбеков буда отырған кезінде жағдайы нашарлап кеткен. Осы уақытта оған моншаға келушілер алғашқы көмек көрсетіпті.
Алайда есін жиған соң құтқарушы өзіне көмек көрсеткен жандар мен қоғамдық орынның қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған. Артынша оқиға орнына жеткен полицейлер текетіресті тоқтатып, бұзақыны медициналық тексеріске жіберіпті.
Ал онда азаматтың ішімдік ішкені расталған екен.
Өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінде кінәлі болған қызметкерге жаза сот шешімінен кейін қолданылатынын айтқан.
Өткен жылы Мұратбеков осыған ұқсас құқықбұзушылық әрекетке барған. Ол кезде азаматқа толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту жасалған еді.
Айта кетейік, қазіргі уақытқа дейін Мақсат Мұратбеков Шоңжы ауылындағы өрт қызметі күзетінің бастығы қызметін атқарған.