Алматы мен Ташкент ақындары бас қосқан «Сенбілік»
Белгілі бір жағдайға байланысты мұндай кеш ұзақ уақыт өтпей жүрді. Неміс театры жаңа ғимаратқа көшіп, сонда тұрақтанған соң ғана «Сенбілік» қайта жанданды.
КЕҢІСТІКТІ ТІЛГЕН ҰЙҚАСТАР
Желтоқсанның алғашқы жексенбісінде өткен кезекті «Сенбілікке» Алматы мен Ташкент ақындары, Empire of Choir музыкалық ұжымы және неміс театрының актерлері қатысты.
Театрдың бас режиссері әрі директоры Наталья Дубс музыкалық-поэтикалық перформанс әзірледі. Перформанстың басты кейіпкерлері – заманауи ақын, хор және актер.
Заманауи ақын жаңалықтарға құштар, жайлы ортасынан шығып, мүлде белгісіз жаққа кетуге әзір. Заманауи хор жаңа үн, үзіліс іздейді. Заманауи актер кеңістікпен өзара байланыс орнатып, оны басқаратын тірі органика ретінде қызмет атқарады. Осы элементтерді біріктіре отырып, перформансқа қатысушылар Ежелгі Грекияның көрініс формаларын тірілтті, кеңістікпен, дыбыспен және денемен орындалатын үлкен ойын көрсетті.
Театр сахнасында емес, ғимараттың кең фойесінде өткен «Кеңістікті тілген ұйқастар» перформансы осыны көздеген. Оқиға үш түрлі жерде өтеді, фойе ортасында отырған көрермендер қажет жаққа орындықтарын бұрып отырды.
Ақындар кезек-кезек шығып, өлеңдерін оқыды. Оларға неміс театры актерлері көмектесті, үзінділер оқыды, перформансқа қатысқан ақындардың өлеңдерін оқыды. Перформанстың музыкасын Ташкенттен келген ди-джей Юлия әзірлепті, оған алматылық Empire of Choir музыкалық ұжымы атасалысты. Empire of Choir музыкалық ұжымын алматылық консерваторияның соңғы курсында оқитын Достар Ибраимов басқарады.
Неміс театрының «сенбіліктері» көрермен мен қатысушылар арасында тікелей, жанды қарым-қатынас орнауын көздейді. Азаттық тілшісі ақындармен, музыканттармен және актерлермен сұхбаттасты. Осы жолғы «Сенбілік» Алматыдағы АҚШ бас консулдығы мен АҚШ мемлекеттік департаменті қолдайтын GoViral (креатив адамдарға арналған платформа) жобасының қолдауымен ұйымдастырылды.
ҚАЗІРГІ «НЕОЛИТ»
Неолит десе, көп адам адамзат тарихындағы ежелгі кезеңдердің бірін еске түсіреді. Ал ташкенттік «НеоЛит» — «жаңа әдебиет» деген мағынаны меңзейді.
«НеоЛит» — түрлі буын өкілдерінің шығармасын біріктірген әдеби бірлестік. Алматыдағы перформансқа «НеоЛиттің» бірнеше өкілі – төрт ақын мен бір прозашы келді. Олармен бірге перформанста ди-джей болған қыз да келген.
»НеоЛит» өкілі, ақын Фархад Юнусов Азаттық тілшісіне РНДТ мен ташкенттік ақындарының қалай байланыс орнатқанын айтып берді.
— Неміс театры жазда Ташкентке гастрольмен барды. «Ильхом» театрында өнер көрсетті. Сол жерде әдеби бірлестікпен танысты. Ары қарай келіссөз жүргізіп, хат алыстық, нәтижесінде осындай дүние пайда болды, — дейді ол.
Фархад Юнусов өлім туралы, өмірдің мәні туралы өлеңдерін оқыды. Ол ақын ғана емес, музыкант, гитарада ойнайды. Оның жерлестері Вика Осадченко, Наталья Белоедова, Марат Байзаков, Николай Ильин де өз туындыларын оқып берді.
Николай Ильин Ташкенттен келген ақындардың ішіндегі ең үлкені. Жақында ол 60-қа толды, басқа ақындармен салыстырғанда ақындық портфолиосы да қомақты, бір жыл бұрын Ташкентте жетінші жинағы жарық көрген. Ильиннің шығармашылығында табиғат мезгілдеріне арналған өлеңдер көп. Ақын Өзбекстан туралы, ондағы мәдениет пен тағдырлар туралы жазады, философиялық тақырыптарды көтереді.
Ташкенттік ақын Наталья Белоедова сегіз жасынан бастап өлең жазады. Көбіне лирикалық тақырыптарға қалам тартады, арасында адам мен қоғамның байланысын сөз етеді, экзистенциалдық мәселелерді де қозғайды
Тағы бір ташкенттік ақын Вика Осадченконың айтуынша, Ташкентте жас ақындардың өзара араласуына арналған, шығармашылық өсуіне жағдай жасайтын «Литер» жобасы бар. Ол Өзбекстан Жазушылар одағы жанынан құрылған.
Семинарда авторлар туындыларын оқиды, содан соң оны әдеби тұрғыда талдайды, жас авторлардың әдісін жетілдіруге көмектеседі. Екі аптада бір рет жиналады.
– Кез келген адам келе алады, бірақ кейін қатарлары сирейді. Авторды аяусыз сынаған соң қалғысы келетіндер азаяды, — дейді Вика Осадченко.
Осы жолғы «Сенбілікке» қатысқан алматылық прозашы Юрий Серебрянский Азаттық тілшісіне ташкенттік қонақтарға қатысты әсерімен бөлісті.
– Олар басқа. Өз жолдарымен кетіп барады. Маған ол жол таныс емес. Бірақ соған қарап оларды жақсы не жаман деуге болмайды. Оларды әділ бағалай алмаймын. Олар туралы толық мәліметім болуы үшін жазбаларын оқуым керек. Олар бір мектептің өкілдері. Оның оң жағы да, теріс жағы да бар, — деді Юрий Серебрянский.
Алматыдағы ашық әдебиет мектебінен келген бес жас ақын заманауи поэзиядан үзінділер оқыды. Бұл мектеп — ақындар мен прозашыларға, драматургтерге арналған шеберлікті шыңдайтын тәуелсіз, ақылы, екі жылдық орталық. Онда тыңдаушылар дәріс тыңдап, практикалық сабақтарға қатысады, жазушылармен кездеседі.
Оған қоса, әдеби мектепке баратындар әдеби сауаттылық туралы білім алады, олардың үздік шығармалары қазақстандық және шетелдік әдеби журнал мен басылымдарға шығады, қазақстандық және халықаралық әдеби байқауларға қатысады.
Алматылық прозашы Юрий Серебрянский Азаттық тілшісіне перформанс кезінде тыңдаған қазақстандық авторларға өте риза екенін айтты. Олардың бәрі Алматыдағы ашық әдебиет мектебінде ақын Павел Банниковтен дәріс алады екен (өзі басқа қалада болғандықтан бара алмаған). Юрий Серебрянский Банниковтің жас ақындармен жұмыс нәтижесін оң бағалады.
Дереккөз: Азаттық